АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон Ресей мен Украина арасындағы гуманитарлық келісімдерді кеңейту бағытында жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа келіссөздерге Херсон облысындағы Олешки қаласынан бейбіт тұрғындарды эвакуациялау операциясы негіз болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Fox News арнасына берген сұхбатында АҚШ президенті уақытша атысты тоқтату туралы келісімнің нәтижесін оң бағалады. Оның сөзінше, осы келісімнің арқасында адамдарды қауіпті аймақтардан қауіпсіз жерге көшіру мүмкін болған.
«Бұл өте жақсы нәтиже болды. Тараптар уақытша атысты тоқтатты. Қалалар мен елді мекендерден адамдар эвакуацияланды. Соның арқасында олардың өмірі сақталып қалған болуы мүмкін. Қазір біз бұдан да ауқымды келісімге қол жеткізу үшін жұмыс істеп жатырмыз», – деді Трамп.
АҚШ президенті жаңа келісімнің қай аумақтарды қамтуы мүмкін екенін, қанша уақытқа созылатынын және тараптардың қандай шарттармен соғыс қимылдарын тоқтатуға дайын екенін нақтыламады.
Трамп жұбайы Меланияның Мәскеу мен Киев арасындағы гуманитарлық келіссөздерге қатысып жатқанын атап өтті.
Бұған дейін АҚШ-тың бірінші ханымы атысты қайта тоқтату жөніндегі келіссөздер жалғасып жатқанын хабарлаған. Оның айтуынша, тараптар Рождествоға дейін ортақ келісімге келуі мүмкін.
Мелания Трамп уақытша бітімнің арқасында Олешки қаласынан 800-ге жуық адам, оның ішінде балалар мен қарттар қауіпсіз жерге көшірілгенін де мәлімдеді.