Игорь Лепеха ішкі істер министрінің орынбасары қызметінен босатылды

Gov.kz

Игорь Лепеха бұл қызметті төрт жыл атқарды. Тиісті өкімге президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Құқық қорғау органдарындағы 40 жыл еңбек етті

Төрт күн бұрын Лепеха 64 жасқа толды. Ол Қарағанды облысындағы Осакаровка кентінде дүниеге келген. Алғашқы мамандығы – инженер. Кейін Ресей ІІМ академиясын бітірген.

Ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 1986 жылы Теміртауда бастаған. Қарағанды облысында 20 жылдан астам жұмыс істеп, облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары лауазымына дейін көтерілді.

2009 жылы министрлікке ауысты. Екі жылдан кейін Әкімшілік полиция комитетін басқарды. 2020 жылғы наурыздан бастап ІІМ аппаратын басқарды. Ал 2022 жылғы қазанда министрдің орынбасары болып тағайындалды. 2023 жылғы мамырда полиция генерал-лейтенанты атағын алды.

Лепеха журналистерге не айтты және қандай сұрақтарға жауап беруден жалтарды?

ІІМ басшысының орынбасары журналистер алдына кейінгі рет 22 қыркүйекте үкіметтегі брифинг кезінде шыққан болатын. Сол кезде Игорь Лепеха Қазақстанда жол қозғалысы ережелерін үнемі бұзатын жүргізушілермен қалай күресуді жоспарлап отырғандарын айтты. ІІМ бұл түзетулерді Құрылтай депутаттарымен бірлесіп әзірлеуді көздеген.

Алайда генералдың журналистермен кездесулерінің бәрі сұрақтарға жауап берумен аяқталған жоқ. Былтыр мамырда журналистер вице-министрді Парламент дәлізінде қуып жүріп, пікір алуға тырысқан еді. Лепеха ғимараттан асығыс шығып кетуге тырысқан. Ал БАҚ өкілдері одан телефонынан азаптау видеосы табылған алматылық 22 жастағы студент қыздың өліміне қатысты қоғамда резонанс тудырған іс бойынша түсініктеме алмақ болған, бірақ сол жолы вице-министр журналистердің сұрағына жауап бермеді.

Сізге қызық болуы мүмкін