Болат Назарбаевтың арақ-шарап мұрасы: мемлекет тағы бір зауытты саудаға қойды

Ulysmedia.kz коллажы

Бұл – Болат Назарбаевқа қатысы бар топтың мемлекет меншігіне қайтарылып, қараша айында саудаға қойылған екінші зауыты. Екі кәсіпорынның жалпы құны 1,2 млрд теңгеге жуық.

Қайтарылған активтерді басқару компаниясы (ҚАБК) Алматы облысы Талғар ауданының Панфилов ауылында орналасқан арақ-шарап зауытын сатылымға шығарды. Бағаны көтеру арқылы өтетін аукцион 10 желтоқсанда мемлекеттік мүлік порталында өтеді. Бастапқы бағасы – 431,7 млн теңге, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Adata порталының мәліметінше, осы мекенжайда тіркелген компания 2010-2016 жылдары Қазақстанның тұңғыш президентінің інісі Болат Назарбаевқа тиесілі болған.

Зауыт Хантау көшесі, 23-үйде орналасқан. Кәсіпорын үш жер телімін алып жатыр, олардың жалпы аумағы – үш гектар. Ғимараттардың жалпы ауданы – 6,1 мың шаршы метр. Кешен құрамында:

  • шарап зауытының ғимараты – 1,4 мың шаршы метр;

  • шарап сақтайтын жертөле – 638 шаршы метр;

  • спирт қоймасы;

  • күшті алкогольді ішімдіктер өндіретін цех;

  • зертхана мен қазандық;

  • әкімшілік-тұрмыстық ғимараты бар екі үлкен қойма бар.

Негізгі ғимарат орналасқан жер телімі «шарап зауытының жұмысын қамтамасыз етуге арналған» деп көрсетілген.

Зауыттың иелерінің ауысуы

Бұл мекенжайда компания алғаш рет 1998 жылы «Вакх» ЖШС деген атаумен тіркелген. 2010 жылдың сәуірінде оның құрылтайшысы Болат Назарбаев болып, компания «БН Ликер-арақ зауыты» ЖШС деп қайта аталды.

2016 жылдың наурызында Назарбаевтың өзі компания директоры болды. Ал кәсіпорынды әуелде кім құрғанын қазір анықтау қиын. Қазақстандағы электронды тізілімдер 2000 жылдары ғана жұмыс істей бастағандықтан, оған дейінгі деректердің бәрі бірдей сақталмаған.

2016 жылдың шілдесінде Болат Назарбаев компания құрамынан шықты. Оның орнына Ғабит Төлтаев құрылтайшы әрі директор болды. Сол жылдың күзінде салық органдары зауытты нақты мекенжайында болмауына байланысты қосылған құн салығы бойынша есептен шығарған. 2018 жылы компанияның атауы «Талғар ликер-арақ зауыты» болып өзгертілді. Осылайша, атауынан «БН» әріптері алынып тасталды.

2016 жылдың шілдесінде, араға бірнеше күн салып, Төлтаев топқа кіретін тағы үш компанияны иеленді. Олар:

  • «БН Винзавод» ЖШС, кейін «Талғар Винзавод» деп аталды. Болат Назарбаев бұл компанияға 2004 жылдан бері иелік еткен;

  • BN Alko ЖШС – күшті алкогольді ішімдіктер өндірушісі. Назарбаев оның құрылтайшысы ретінде 2009 жылдан тіркелген;

  • «БН Алкосервис» ЖШС – алкогольді ішімдіктерді көтерме саудамен сатумен айналысқан.

Бұл компаниялардың барлығы топтағы екінші зауыт орналасқан мекенжайда, Қарасай ауданының Шамалған ауылында тіркелген. 2016 жылдан кейін аталған кәсіпорындардың ешқайсысы іс жүзінде жұмыс істемеген. BN Alko 2022 жылы таратылды. Талғар мен Шамалғандағы зауыттарды бағалау туралы есептерді бір бағалаушы бір күнде, 2026 жылғы 30 сәуірде әзірлеген. Есептердің нөмірлері де қатар келеді: 3689 және 3690. 2026 жылдың тамызында Шамалғандағы зауыт ҚАБК-ға өтеусіз берілді.

Мемлекет Болат Назарбаевқа қатысы бар активтерді бірнеше жылдан бері қайтарып жатыр. 2023 жылы сот Алматы ауыр машина жасау зауытының акцияларын мемлекетке қайтаруды міндеттеді. Ал 2025 жылы прокуратура осы зауыттың 37 гектар жері мен 94 нысанын мемлекет меншігіне қайтарды.

Болат Назарбаевтың өзі 2024 жылы қайтыс болған.

Шамалғандағы зауыт та сатылымға шықты

Талғардағы аукционнан екі күн бұрын, 8 желтоқсанда, ҚАБК топқа тиесілі екінші зауытты да сатылымға шығарады. Кәсіпорын Шамалған ауылында орналасқан. Бастапқы бағасы – 739,9 млн теңге.

Осы мекенжайда Болат Назарбаевқа тиесілі болған «БН Винзавод» пен BN Alko компаниялары тіркелген. ҚАБК зауытты 2026 жылғы 26 тамыздағы келісім бойынша өтеусіз алған. Ал меншік құқығы 11 қыркүйекте тіркелген.

Болат Назарбаевқа қатысы бар алкоголь өндірісімен айналысқан кәсіпорындар мұнымен шектелмейді. Қарасай ауданында «BN-A» ЖШС (кейін «Shalkar 17» деп аталған) зауыты да жұмыс істеген. Тізілім деректеріне сәйкес, Назарбаев 2009 жылдан бастап оның құрылтайшысы болған.

2021 жылы бұл кәсіпорында акциздік маркалары жалған алкоголь өнімдерін өндіру фактісі анықталып, жолы кесілді. Зауыт директоры сотталды. Кәсіпорын иесі Әзім Абдуллаев Болат Назарбаевты зауытты рейдерлік жолмен тартып алды деп айыптаған. Бұған жауап ретінде Назарбаев ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау туралы талап арыз түсіріп, сот оның талабын ішінара қанағаттандырған. Ал Мәжіліс депутаты Ержан Бейсенбаев 2023 жылы Болат Назарбаев елдегі алкоголь нарығын бақылағанын мәлімдеген.

Сізге қызық болуы мүмкін