Иранда хиджабсыз концерт берген әнші 74 дүре соққысын алды

Parastoo Ahmadi / YouTube

Иранда әнші Парасту Ахмадиге хиджабсыз концерт бергені үшін 74 дүре соққысы тағайындалды. Дәл осындай жаза оның командасының төрт мүшесіне де қолданылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл туралы 23 қарашада әншінің адвокаты Мұстафа Нили мәлімдеді. Al-Monitor басылымының жазуынша, жаза Құм қаласында орындалған. Ахмадимен бірге сахнаға шыққан үш музыкант пен продюсер де дүре соққысына жығылған.

Әнші не үшін жазаланды

2024 жылдың желтоқсанында 29 жастағы Парасту Ахмади көрерменсіз концерт жазып, оны YouTube желісіне жариялаған. Ол көне керуен-сарайда қара түсті жеңсіз ұзын көйлек киіп, басын жаппай, ер музыканттардың сүйемелдеуімен дәстүрлі иран әндерін орындаған. Бейнежазба әлі күнге дейін оның арнасында тұр. Оны 3,3 миллионнан астам адам көрген.

Иранда әйелдерге көпшілік алдында ән айтуға тыйым салынған. Сонымен қатар 1979 жылдан бері олар қоғамдық орындарда басын жауып, жабық киім киюге міндетті.

Концерттен кейін көп ұзамай Ахмади ұсталып, кейін босатылған. Ал 2026 жылдың маусымында сот оны және команда мүшелерін қоғамдық мораль нормаларын бұзды және интернетте әдепсіз контент жариялады деп таныған. Қыркүйекте апелляциялық сот алғашқы үкімді күшінде қалдырған.

74 дүре соққысынан бөлек, оларға екі жыл бойы елден шығуға және шығармашылықпен айналысуға тыйым салынған.

– Бұл жаза адамдарды қорқытып, міндетті хиджаб кию ережелеріне бағындыруды көздейді, – деді BBC арнасына Ирандағы адам құқықтары орталығының (АҚШ) өкілі Бахар Гандехари.

Иранда талаптар күшейіп келеді

2022 жылғы наразылықтардан кейін көптеген ирандық әйел, әсіресе Тегеран қаласында, орамал тағудан бас тартқан. Қазан айының соңында Тегеран прокуроры хиджаб кию ережелерінің сақталуын қадағаламаған мемлекеттік органдарға «қатаң шаралар» қолданылатынын ескерткен.

Парасту Ахмади хиджабқа қатысты талаптарды бұзғаны үшін қудаланған алғашқы өнер иесі емес. 2023 жылы Иранда әйелдерді орамалын шешуге шақырған әні үшін әнші Мехди Ярахи қамауға алынған. Оған да 74 дүре соққысы тағайындалған.

Сізге қызық болуы мүмкін