Астанада оппозициялық көзқарастағы, депутаттық кандидатқа айыппұл салынды

Ulysmedia

Астана соты оппозициялық көзқарастағы Мәжіліс депутаттығына кандидат Марат Жыланбаевқа "науқанды мерзімінен бұрын жүргізгені үшін" айыппұл салды. Бұл туралы Азаттық радиосына сілтеме жасап Ulysmedia.kz хабарлайды.

Ашық дереккөз

Жыланбаев – «Алға, Қазақстан!» оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың мүшесі.

Белсендінің әлеуметтік желідегі парақшасын «бақылау» кезінде белгіленген уақыттан бұрын сайлауалды үгіт-насихат белгілерін тапқан прокурор сотқа шағымданды.

Жыланбаев тағылған айыпты мойындамайды.

«Жыланбаевтың мәлімдемелерін зерделегеннен кейін сайлаушыларды оның кандидатурасына дауыс беруге және қаржылық қолдау көрсетуге ынталандыратын мерзімінен бұрын сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатқаны анықталды», - деді прокурор Шерхан Шорабек жұма күні түстен кейін онлайн сотта.

Ол белсендінің қаңтар айының соңында жарияланған видеосынан үзінді келтірді: "Біз жұмыс істеп, тек халықтың мүддесін қорғаймыз. Қиын да даулы сәттерді тікелей эфирде әлеуметтік желілерде сіздермен ақылдасып отырамыз. Бізді қолдаңыздар, біз жеңеміз. Алға , Қазақстан!», – делінген онда.

Нәтижесінде, 24 ақпанда Астана қаласының әкімшілік соты Жыланбаевқа ҚР ӘҚБтК-нің 102-бабы (Тыйым салынған кезеңде сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу) бойынша 51 750 теңге айыппұл салды.

Марат Жыланбаев – қазақстандық марафоншы, мемлекетті сынайтын пікірлерімен де танымал. Ол әлемдегі ең үлкен шөлдерді жалғыз жүгіріп өткен. Былтыр «Ар-Бедел» қоғамдық қоры белсендінің мәлімдемесінен кейін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ар-намысын қорлады деген айыппен Жыланбаевты сотқа берген болатын. Жыланбаев сотта жеңіске жетті.