"Қоқыстарын тастап, кетіп қалған": алматылықтар гүл сатқандардың ісіне ашулы

Ғалиасқар Думан

Әлеуметтік желілерде Алматыдағы Райымбек даңғылында түсірілген видео тарады. Видеодан соңғы күндері гүл саудасы қызу жүрген орындардың қоқыс үйіндісіне айналғанын көруге болады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

видеодан кадр

Мереке қарсаңында Алматы көшелерінде қызғалдақ, раушан және басқа да гүлдер бірнеше күн бойы сатылды. Сұраныс көп болғандықтан сауда 8 наурызда қас қарайғанша саябырсыған жоқ.

Алайда гүл саудасын дөңгелетіп, пайдаға кенелген саудагерлер табыс тапқан орындарын жинап кетпеген. Қоқыстарын шашып, көшені үйіндіге айналдырған.

Сатушылардың бұл ісі видео авторын ашуландырған.

"8 наурыз өтті. Барлық сатушылар сататынын сатты да кетті. Қоқыстың бәрі қалды. Арғы жақта жағдай тіпті сұмдық", - дейді қала тұрғыны.

Біз Алматы әкімдігі мен Алматы Полиция департаментіне түсініктеме алу үшін хабарластық. Ведомстволар жағдайды анықтауға уәде берді.

Қоғамдық орындарда қоқыс шашып кетуді ұсақ бұзақылық болып саналады. Мұндай әрекет үшін ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша айыппұл немесе әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалуы мүмкін.

Айта кетейік, елімізде өткен жылы кесілген гүлдер мен бүршіктердің тауар айналымы 48,8 млн АҚШ долларын құрады.

Биыл да гүл саудасы қызып тұр. Қаңтар-ақпан айларында Қазақстанға салмағы 1 341 тонна гүл немесе 24,6 млн дана гүл талы әкелінген, оның құны 9,5 млн АҚШ долларына тең.