Қостанай облысының Лисаков қаласындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде балалардың жиындары мен жарыстарына бөлінген ақша жымқырылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Облыстық прокуратура мәліметінше, мектеп жаттықтырушылары балалардың жарыстарға және оқу-жаттығу жиындарына сапарлары туралы қаржылық есептерді жалған рәсімдеп, осы мақсаттарға бөлінген ақшаны қалтаға басқан. Жымқырылған қаржының жалпы сомасы – 6 млн теңге.
Үш жаттықтырушы өз кінәларын мойындап,келтірілген залалды толығымен өтеді. Олардың екеуіне қатысты қылмыстық іс тоқтатылды.
"Үшіншісі шартты түрде 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, өйткені ұрлық көлемі бойынша оның әрекеті ауыр қылмыс ретінде саналады", - деп мәлімдеді сот.
Үкім заңды күшіне енді.