Қазақстан Әзірбайжанға 7 мың тоннаға жуық мұнай жөнелтті

Ғалиасқар Думан

Бұл туралы "ҚазТрансОйл" АҚ мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Компания баспасөз қызметінің мәліметінше, 20 наурызда Баку порты бағытында одан әрі тасымалдау үшін 6 900 тонна қазақстандық мұнай жөнелтілген.

"Қазақстандағы INPEX North Caspian Sea, Ltd филиалының директоры Хироши Икеданың айтуынша, сынақ ретінде жіберілген жеткізілім Транскаспий бағытына қарай теміржол тасымалы арқылы Қашаған мұнайына арналған экспорттық маршруттарды әртараптандыру мүмкіндігін көрсетті. Хироши Икеда "ҚазТрансОйл" АҚ ұжымына және процеске қатысқан басқа да ұйымдарға қауіпсіздік техникасының талаптарына сәйкес уақтылы орындалған жұмысы үшін алғысын білдірді. INPEX North Caspian Sea, Ltd өкілі сондай-ақ компания Қазақстан Республикасының Үкіметімен және "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ-мен бірлесіп резервтік экспорттық маршруттарды дамыту жөніндегі ынтымақтастықты жалғастыратынын айтты, - делінген хабарламада.

Еске салсақ,  бұдан бұрын Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко еліміз мұнай экспортының жаңа бағытын іске қосатынын мәлімдеген.

Каспий құбыр консорциумы, «Атырау-Самара» құбыры, «Махачкала-Ақтау» бағыттары болды. Биылдан бастап «Ақтау-Баку» бағытындағы тасымалдау іске қосылады, яғни Әзірбайжан арқылы мұнай тасымалдана бастайды, - деді ол.