Халық партиясынан Мәжіліске кімдер барады?

Ulysmedia

Халық партиясы Мәжіліс депутаттарының кандидатурасын бекітті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Азаттық радиосы

Қазақстан Халық партиясының орталық кеңсесінде партия төрағасы Ермұхамет Ертісбаевтың басшылығымен Саяси бюроның кезектен тыс отырысы өтті. Басқосу барысында партиялық тізім бойынша VIII шақырылымдағы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына сайланған кандидаттарға депутаттық мандат бөлінді. 

“Кандидатуралар алқа талдауына түсіп, ұзақ талқыланды”, – деді ҚХП төрағасы.

Саяси бюро мүшелері депутаттық топ құрамын жасақтауға қатысты шешім қабылдаған кезде әйелдер мен жастарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға бөлінген міндетті квотаны ерекше назарда ұстады. 

Нәтижесінде Мәжіліс сайлауына партиялық тізіммен ұсынылған саясаткерлер Магеррам Магеррамов пен Ирина Смирнова, көпбалалы аналар бірлестігінің жетекшісі Гаухар Танашева, Параолимпиада ойындарының қатысушысы, мүгедек адамдардың құқығын қорғаушы Кенжеғұл Сейтжан және жастар квотасы бойынша Ислам Сұңқар сынды кандидаттар мандатқа ие болды.