Ертісбаев партия басшысы болуға лайық емес – орынбасары Мұқашев мәлімдеме жасады

Ғалиасқар Думан

Қазақстан Халық партиясының төрағасының орынбасары Серікқали Мұқашев партия ішіндегі шиеленіс шегіне жеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөз

Ол алдымен кеше, 31 наурыз күні өткен партияның саяси кеңесінің отырысынан шұғыл түрде аластатылғанын айтқан. Орталық аппарат қана емес, облыстық филиалдардың басшылары да (барлығы 43 адам) қатысатын бұл отырыста Серікқали Мұқашев Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаевқа сенімсіздік білдіріп, партия төрағасын қайта сайлау туралы мәселе көтермекші болған.

“(Өкінішке орай, «құлақ» барын ескермеппін.) Ендігі мені өзгелерді мәжбүрлейтін өзінің жекедара шешімімен «задним числом» партия төрағасының орынбасарлығы қызметінен босатып, партия қатарынан шығарып жіберген болса да таңқалмаймын. Құрамында 150 мыңнан астам мүшесі бар партияның Мәжіліс және маслихаттарға сайлауалды жұмыстары шын мәнінде жоғары деңгейде жүргізілді. Бұл тұрғыда партияның сайлаудағы жеңісі үшін күндіз-түні, демалыс күндерге қарамастан, зор сеніммен және жанқиярлықпен еңбек еткен партиялас әріптестеріме, жақтас, тілектес болған сайлаушы азаматтарға үлкен алғысымды білдіремін.

Дегенмен, біз сайлаушылар алдында үгіт-насихат жұмысын толыққанды жүргізуден гөрі, партия төрағасы Ермұхамет Ертісбаевтың айтқан әрбір сөзі үшін ақталумен, Халық партиясы тек Ертісбаевтан тұрмайтынын дәлелдеумен болдық. Бұл менің ғана жеке пікірім емес, партиядағы көптеген әріптестердің де пікірі. Оның не айтып, не қойып жүргені ЕРТЫСБАЕВ LIVE ютуб-арнасы арқылы көз алдарыңызда өтіп жатты. Қарсы пікір айтқан азаматтарды сотқа бергізіп, құқық қорғау органдарына жүгінемін деген қоқан-лоқысының салдарына да куә болдық.

Ал өз сөзімен айтқанда «Мені бұл орынға қойған президент, және босататын да президент» дейтін оның кеңседегі жұмыс уақытындағы (!) орталық аппарат қызметкерлері күнде куә болып жүрген «моральдық бейнесі» туралы айтпай-ақ қояйын. Мұның партияның ғана емес, Мемлекет басшысының атына да көлеңке түсіретіні туралы айтып жатудың өзі артық”, – деп жазған саясаткер әлеуметтік желідегі парақшасына.

Ол 30 жылдан астам уақыттан бері саясатта жүргенін үнемі мақтанышпен айтып отыратын адамның ютуб-арна арқылы айтқан сөздері партияның жүргізіп отырған жұмыстарына ғана емес, ел ішіндегі тұрақтылықты теңселтіп, сырттан төнетін қауіп-қатерді өршіте түскені анық екенін де баяндайды. Тіпті, сайлау қорытындылары бұрмаланатын болса мойындамаймыз деп мәлімдеп, Наурыз мерекесі күндері елді республикалық стачкаға шақырып, әлеуметтік желі арқылы дүйім жұртты дүрліктіргенін еске салады. 

“Бірақ есін жиған соң, сайлау қорытындылары шықпай жатып (!), партияның атынан қандай мәлімдеме жасағаны тағы да көз алдарыңызда. Бұл мәлімдемесі ең алдымен Халық партиясына сенген сайлаушылар мен өздеріне артылған міндетті адалдықпен атқарған партия мүшелерінің арасында үлкен түсінбестік тудырды.

Ол аз болғандай, сайлау аяқтала сала, партияның есеп-шотындағы демеушілік қаражатты есепке алмағанда, бюджеттен түсетін қаржы өткен шақырылымдағы 840 млн-мен салыстырғанда 909 млн теңге бола тұра, партияны кеңейтіп, дамытудың орнына орталық аппарат қызметкерлерін қысқартып, бірнеше облыстық филиалдарды біріктіру мәселесін қолға алғанын қалай түсінуге болады?

Ең сорақысы, сайлау қорытындысы бойынша аз дауыс жинап, Мәжілістен 5 орын ғана бұйырғанына кінәні өз басынан емес, аянбай еңбек еткен орынбасарларының жұмысынан іздегені болды. Сөйтсек, оның сөзінше, партия мүшелері мен төраға орынбасарлары үгіт-насихат жүргізудің маңыздылығынан гөрі, оның жеке басын дәріптеп, оның қоғам алдындағы бет-беделін қорғаумен айналысуымыз керек екен”, – деген Мұқашев.

Оның пайымынша, Халық партиясының басшысы бола тұра, қарапайым халықты санасы төмен малға теңейтін партия төрағасынан қандай жасампаз іс күтуге болады?!

“Сондықтан Е.Ертісбаевтың жеке басының моральдық сыпатын ескере отырып, партия басшысы болуға лайық емес деп санаймын және барлық партияластарды партия төрағасы Ермұхамет Ертісбаевқа сенімсіздік білдіріп, ҚР Саяси партиялар туралы заңының 8-бабының 7-тармағына және ҚХП Жарғысының 4.4-бабының 4.4.1.2-тармағына сәйкес партия төрағасын қайта сайлауға шақырамын.
«Ауызбастырық» ретінде маған 2 млн теңге ұсынылды. Өздеріңізді өте арзан бағалапсыздар ғой, мырзалар, - деймін мен, - тым құрығанда, неге 10 млн емес?!”, – делінген партия төрағасы орынбасарының жазбасында.