Әкімдікке қарасты компания Талдықорған супермаркеттеріне шіріп кеткен картоп жеткізген

Ғалиасқар Думан

Талдықорғанның ірі супермаркеттерінде саудаланған картоптың 70% сапасы төмен. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

көрнекі фото, ашық дереккөзден

Агенттіктің Жетісу облысы бойынша департаментінің қызметкерлері азық-түлік тауарларына баға белгілеудің тізбек бойынша делдалдық схемаларды тергеу бойынша Өңірлік комиссиямен бірлесіп, тұрақты түрде өндірушіден тұтынушыға дейінгі бағаның қалыптасуына мониторингін жүргізіп жатыр.

«Мониторинг барысында, Талдықорған қаласының ірі супермаркеттерінде «Жетісу ӘКК» АҚ жеткізетін картоп 170 теңгеден сатылған анықталды. Ол әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру қорынан қаржыландырылады, алайда сатылатын картоптың сапасы өте төмен болып шықты, өнімнің 70% тұтынуға жарамсыз», –  делінген хабарламада.

Аталған мәселе Өңірлік комиссия отырысында қарастырылып, облыс әкімдігіне және «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік копорациясы АҚ профильді бөлімшелеріне тиісті нұсқаулар берілген.

“Сауда орындарының әкімшілігімен және жеткізушілермен жүргізілген профилактикалық шаралардың нәтижесінде, жарамсыз картоп ауыстырылып, оның бағасы 1 килограмм үшін 170 теңгеден 100 теңгеге дейін төмендетілді. «Жетісу ӘКК» АҚ-на, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізушілер мен сатушыларды бақылауын күшейту туралы тиісті тапсырыс берілді”, – деп хабарлады агенттіктен.

Айта кетейік,  Жетісу облысының әкімдігі – “Жетісу” ӘКК-нің жалғыз акционері.