Қазақстан армиясында 4 жыл ішінде 90-ға жуық суицид жасалған

Ғалиасқар Думан

Бұл туралы Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Сенатта әскери қызметшілердің денсаулығына қатысты мәселені талқылау кезінде Бас әскери прокуратура өкілі 2020 жылдан бастап елімізде 270 әскери қызметші қайтыс болғанын жеткізді.

«2020 жылы – 78, 2021 жылы – 96, 2022 жылы – 85, 2023 жылы – 11 әскери қызметші қайтыс болды. Өлім жағдайларының ең көп тараған себептеріне тоқталсақ, ауырып қайтыс болу – 36%, көлік апатының салдары – 24%, суицид – 20%. Алайда өз-өзіне қол салу жағдайы бәрімізді алаңдатып отыр. Суицид профилактикасын талдау нәтижесі әскеріміздің қоғамның бір бөлігі ретінде жағымсыз жағдайға тәуекелі барын көрсетті», - деді М. Қазиев.

Оның айтуынша,  халық арасындағы суицид деңгейі бойынша Қазақстан әлем елдері арасында 20-орында, ал жасөспірімдер арасында тіпті үштікке енеді.

«Құқықтық статистика комитетінің мәліметінше, 2018-2022 жылдары елде 17 631 суицид және 21 332 өзіне қол салуға оқталу жағдайы тіркелген, яғни 10 000 азаматқа шаққанда 9 суицид және 11 өз-өзіне қол салуға талпыну әрекеті тіркеліп отыр. Олардың арасында 86 суицид және өзіне қол салуға оқталудың 20 дерегі әскерде болған. Яғни 10 мың әскери қызметшіге шаққанда 6 суицид және 1 өз-өзіне қол салуға оқталу әрекетінен келеді. Демек, қоғамдағы өз-өзіне қол салу көбінесе әскерде болады деген пікір ресми мәліметтермен расталмай отыр», - деді Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары.