Мәжіліс депутаттығына экс-кандидат, журналист Лұқпан Ахмедияровты 15 тәулікке қамау жөніндегі сот шешімі өзгеріссіз қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Батыс Қазақстан облыстық соты журналистің апелляциялық шағымын қанағаттандырған жоқ.
Еске салайық, 12 сәуірде әлеуметтік желідегі тікелей эфирде Ахмедияров көлігін күштік құрылым жауынгерлері тоқтатып, тінтіп жатқанын көрсеткен.
Видеода журналист өзін неліктен тоқтатқанын анықтауға тырысқанымен, мардымды жауап ала алмаған.
"ҰҚК қызметкерлері тоқтатты. Мені ұстауға тырысып жатыр, неге екенін білмеймін. Мына “қайраткерлер” мені ұстап әкетпек. Жалпы, мен Шолохов көшесіндемін. Таңертеңнен бері соңымнан аңдып келеді", - деді журналист.
Ұзақтығы 20 минуттан асатын видеоның соңында журналиске кете беруге рұқсат етілген. Алайда, сәл кейінірек әріптестері Facebook-те Ахмедияровтың ұсталып, 15 тәулікке қамалғанын хабарлады.
Ахмедияровтың қамауға алынуына 9 сәуір күні Оралдағы "Қазақтың даңқты қыздары" ескерткішінің алдына шығып, сөз сөйлеуі себеп болған. Ол бейбіт жиындар жөніндегі заңды бұзды деп айыпталды.