Қазақстан ЕАЭО-да кеден бажынан алатын үлесін арттыра ала ма?

Ulysmedia

Ulysmedia.kz тілшісі осы сұрақты Қаржы вице-министрі Ержан Біржановқа қойып көрді.

atameken.kz

Соғыс басталғалы Батыс елдері Ресеймен көп салада экономикалық байланысын үзді. Енді экономикалық одақ елдеріне тауардың бірқатары одақ елдеріне Ресей емес, Қазақстан арқылы келіп жатыр. Конъюнктура өзгергендіктен, экономикалық одақ ішінде кедендік бажды қайта қарайтын уақыт келгендей.

Қазір экономикалық одаққа түсетін кедендік баждың 6,955%-ын Қазақстан, 1,9%ын Қырғызстан, 1,22%ын Армения, 4,86%-ын Беларусь, 85,065%-ын Ресей алып отыр.

22 мамырда ЕЭК отырысында көп мәселемен қатар дәл осы – үлесті бөлу мәселесі де қаралады екен. Қазақстан кедендік баждан 2022 жылы 160 млрд теңге тауыпты. Алда үлесін арттыра ала ма?

Бұл сауалға Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жауап берді.

“Былтыр қазанда Ереванда өткен кеңес отырысында осы мәселе көтерілетін болатын. Сарапшылар сараптама жүргізгеннен кейін бұл сұраққа қайта ораламыз деген жауап болды. Мамандар барлық мәліметтерді дайындады. 22 мамырда ЕЭК отырысының күн тәртібіне бұл мәселе енгізілген. Біз өз ұстанымымызды көрсеттік. Регламент бойынша бұл сұрақ деңгей-деңгейімен көтеріліп, шешімін табады деп ойлаймыз”, – деді ол.

Сондай-ақ, вице-министр кеңеске кіретін барлық мемлекеттердің импорттық үлесі саналатынын, одан кейін бюджетке түсетін қаржының үлесі есептеліп, соңғы екі жылдағы деректер бойынша арифметикалық орташа есеп шығарылатынын атап өтті.