Қазақстан бокс федерациясы Бибосыновтың жекпе-жегіне қатысты IBA-ға ресми шағым түсірді

Ulysmedia

Қазақстан бокс федерациясы Халықаралық бокс федерациясының Президенті Умар Кремлёвқа ресми шағым жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөз

Ташкентте өтіп жатқан 2023 жылғы Әлем чемпионаты аясындағы Сәкен Бибосынов пен үнді боксшысы Дипак Кумардың жекпе-жегі бойынша төрешілердің шығарған даулы шешіміне қатысты шағым түсірілді.

"Қазақстан бокс федерациясы Халықаралық бокс қауымдастығының (AIBA) Президенті Умар Кремлёвтің атына Сәкен Бибосыновтың жекпе-жегі бойынша төрешілердің шығарған даулы шешіміне байланысты ресми шағым жолдады. Біз IBA басшылығынан жауап күтеміз. Өкінішке қарай, қазіргі ережелерге сәйкес наразылық білдіруге (апелляцияға) рұқсат етілмейді. Оның орнына судьялардың шешімін қайта қарау процедурасы ұсынылады: егер жекпе-жек 3:2 немесе 2:3 есебімен аяқталса. Басқа жағдайларда шешімді қайта қарау деген жоқ", – деп жазды Қазақстан бокс федерациясынан.

 

51 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен жерлесіміз 1/16 финалда үндістандық Дипак Кумармен жұдырық түйістіріп, күтпеген жерден ұпай бойынша жеңіліп қалды. Осылайша, Сәкен Бибосынов Әлем чемпионатындағы өнерін мерзімінен бұрын аяқтады.

Халықаралық бокс федерациясының ресми мәлімдемесін күтеміз.