Алматыда заңсыз салынып жатқан тағы бір тұрғын үй кешені анықталды

Ғалиасқар Думан

Алматыда Обсерватория көшесі, 104/4 мекенжайында орналасқан «Мечта» таунхаусы бойынша сот талқылаулары жүріп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: Алматы әкімдігі

Жоспардан тыс тексеру барысында Алматы Қала құрылысын бақылау басқармасы тұрғын үй кешенінің 1-ші нүктесінен келісілген эскиздік жобадан ауытқу болғанын тіркеді. Сондай-ақ 2-ші нүктеде рұқсат құжаттамасы болмағанын анықтады. Бүгінгі таңда 1-ші нүктені меншік иесі өз бетінше пайдалануға берген.

«Былтыр 14 қазаннан бастап тапсырыс беруші ӘҚБтК-нің 462-бабы бойынша нұсқаманы орындамағаны үшін (мемлекеттік бақылау және қадағалау органдары (лауазымды адамдар), мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары өз құзыреті шегінде берген заңды талаптарды немесе нұсқамаларды, ұсынымдарды, қаулыларды орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін) жауапқа тартылды»,- деп атап өтті Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Басқарма нысанды пайдалануға қабылдау және бұзу актісінің күшін жою туралы сотқа талап-арыз жолдады, сот талқылаулары жүріп жатыр.

«Сондықтан, қала тұрғындарына жоғарыда аталған мекенжай бойынша тұрғын үй кешенінен жылжымайтын мүлік сатып алудан бас тартқан жөн.

Жылжымайтын мүлікті сатып алмас бұрын салынып жатқан тұрғын үй кешені туралы Қала құрылысын бақылау басқармасының +7 705 89 66 000 WhatsApp жедел желісі нөмірі бойынша хабарласып, алдын ала құжаттардың толық пакетін тексеріп алуды ескертеміз»,- делінген хабарламада.