Биылғы жылдың бірінші тоқсанында ҚАЖ мекемелерінде бейнебақылау камераларының көмегімен ұстау режимін бұзудың 3 402 дерегін анықталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ІІМ мәліметінше, бүгінгі таңда ҚАЖ мекемелерінде 22 мыңнан астам бейнекамера орнатылған, бұл “соқыр аймақтарды” жояды. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне үздіксіз бейнебақылауды енгізу құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге және төтенше жағдайлар мен қылмыстарға жол бермеуге бағытталған. Бейнебақылау камералары адамның жеке басын немесе автокөлікті анықтап қана қоймай, сонымен қатар оператордың аумаққа визуалды тексеру жүргізуі арқылы жасалған құқық бұзушылықты анықтауға мүмкіндік беретін жасанды интеллект жүйесіне ие.
“Биылғы жылдың бірінші тоқсанында бейнебақылау операторлары ұстау режимін бұзудың 3 402 дерегін анықтады. Ал өткен жылы 2 779 құқық бұзушылық болған. Тыйым салынған заттарды енгізудің 4 арнасы анықталды. Арнайы контингенттің 79 қақтығысы мен 9 топтық бағынбауы тоқтатылды. 13 суицид пен 3 қашу алдын алынды. Бір жылдың ішінде ҚАЖ мекемелерінде қызметкерлердің заңсыз әрекеттеріне қатысты шағымдар саны 4 есеге азайды”, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, мекемелерде үздіксіз бейнебақылауды енгізу сотталғандардың құқықтық жағдайын жақсартуға және құқыққа қарсы әрекеттердің алдын алуға бағытталғанына қарамастан, сотталғандар 293 камераны істен шығарған. Ұстау режимін бұзушыларға қатысты келтірілген залалды өтеумен қоса 45 тәртіптік жаза қолданылды, 49 сотқа дейінгі тергеу басталды.