Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек тұрғын үйлерге су қашан қалыпты мөлшерде берілетінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Маусым айынан бастап біз жаңа ауыз су станциясын (ССС-3) кезең-кезеңімен қолданысқа бере бастаймыз. Алдымен іске қосу әрі жөндеу жұмысы жүргізіліп, жүйені тексереміз, содан кейін күніне 35 мың текше метр су береміз. Тамыз айында күніне 105 мың текше метр су беретін мөлшерде іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл қаладағы сумен жабдықтау мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік береді», - деп жазды шаһар басшысы өзінің желідегі парақшасында.
Әкімнің сөзінше, қала аумағында салынып жатқан тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар саны артып келеді. Мұның барлығы тіршілікті қамтамасыз ету жүйесінің нысандарына үлкен күш түсіреді.
«Аталмыш мәселені шешу үшін осыған дейін екі газ жылыту станциясының («Тұран», «Оңтүстік-Шығыс») құрылысы басталған болатын. Сондай-ақ, ЖЭО-3 бойынша да жұмыс жүріп жатыр. Ол құрылысы ұзаққа созылған нысанға айналды. Осы нысандардың құрылысын аяқтап, 2023-2024 жылыту маусымына олардың қуатын ескере отырып, іске қосуды міндеттедім. Мердігерлер жауапкершілікті толықтай білуі керек», - деді Жеңіс Қасымбек.
Айта кетейік, жуырда әкімдік Астанадағы су тапшылығына саяжай иелерін кінәлаған еді.
Ал сенатор Бибігүл Жексенбай елордадағы су тапшылығы мәселесін шешу жолдарын ұсынған.