Астанада ереуілдеткен Жаңаөзен мұнайшыларының мәселесі қалай шешілді

Ғалиасқар Думан

«Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы елордаға келіп наразылық білдірген «БерӘлі Маңғыстау Company» ЖШС бұрынғы жұмысшыларының мәселесі шешілгенін мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

«Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде «БерӘлі Маңғыстау Company» ЖШС-нің бұрынғы қызметкерлерімен келісімге қол жеткізілді. Олар «Мөлдір Мұнай Сервис» ЖШС-ға жұмысқа орналасу туралы осыған дейінгі ұсынысты қабылдады. Аталған компанияға жұмысқа ауысқаннан кейін «БерӘлі» жұмысшыларының бұрынғы еңбек жағдайлары толықтай сақталады. Компанияның бұрынғы қызметкерлерін жұмысқа орналастыру шаралары «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының қағидаларына сай жүргізіледі», -  делінген ресми хабарламада.

Ақпаратта айтылғандай, аталған жұмыс қолданыстағы заңнамалар аясында іске асырылады.

Еске салайық, 10 сәуірде  Жаңаөзендегі «БерӘлі Маңғыстау Company» мекемесінің жұмыстан қысқарған 80-ге тарта жұмысшысы Астанаға келіп, Энергетика министрлігі ғимаратының алдына наразылық білдірді.

Олардың бәрі «Өзенмұнайгаз» компаниясынан жұмыс талап етті. Жұмыссыз қалған жаңаөзендіктер мәселеміз шешілмей министрлік алдынан кетпейміз деді. Олар таңды сол жерде атырды.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бастапқыда мұнайшылардың талабы айқын еместігін айтқан.

Ал премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов  жаңаөзендік жұмысшылардың тендерден ұтылған компанияның қайтадан ұтып шығуын талап етуі дұрыс еместігін мәлімдеді.

Кейіннен жұмысшылар «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басшылығы ұсынған жұмыс орындарынан бас тартқаны хабарланды.

11 сәуір күні кешке пикет ұйымдастырған Жаңаөзен мұнайшыларын қауіпсіздік қызметкерлері ұстап әкетті. Жерлестерінің ұсталғанын естіген бойда Жаңаөзенде жергілікті кәсіпорындардың қызметкерлері Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, Астанада ұсталған жұмысшыларды босатуды талап етті.

Көп ұзамай Жаңаөзен қаласының әкімі жиналғандарға бейнеөтініш жасап, мәселені түсіндірді, сабырлыққа шақырды.

12 сәуір күні таңертең жаңаөзендік мұнайшылар үйлеріне қайтып бара жатқандарын мәлімдеп, жерлестеріне алғыс айтты.

Бас прокуратураның дерегінше, Астанада Жаңаөзеннен келген 126 адам ұсталған. Олардың бесеуі “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу” бабы бойынша ескерту түрінде жаза тағайындалған.

Бұдан бұрын “ҚазМұнайГаз” басшысы жаңаөзендіктермен үш жылдық келісімшарт жасау мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеген.

Ал Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Астанада ереуілге шыққан мұнайшылар мәселесін шешу үшін арнайы мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатқанын айтты.

Мамырдың соңында Жаңаөзен қаласында «Өзенмұнайгаз» АҚ мен «Мөлдір Мұнай Сервис» ЖШС-нің басшылығы «БерӘлі Маңғыстау Company» ЖШС бұрынғы қызметкерлерімен  кездесу өткізген. Мұнайшылар ұсынылған шарттарды қарастыруға уақыт сұраған еді.

Жуырда жаңаөзендік жұмысшылардың Астанаға қайта келгелі жатқаны хабарланды. Күрмеуі көбейген мәселеге қатысты Маңғыстау облысының әкімі Ноғав  пікір білдірген.