Талдықорғанда мәйіті табылған Барманованың "бухгалтерлер ісіне" қатысы бар ма

Ғалиасқар Думан

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевқа марқұм Роза Барманованың өлімінің Талдықорған қалалық білім бөлімінің бухгалтерлерінің қылмыстық ісімен байланысы жайлы сұрақ қойылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Әкімнің сөзінше, құзырлы органдар Талдықорған қалалық білім бөлімінің бұрынғы басшысы Роза Барманованың өліміне қатысты тергеу жүргізіп жатыр.

«Рас, Талдықорған қалалық білім бөлімінің бухгалтерлеріне қатысты үлкен қылмыстық іс қозғалды. Мен алдын ала еш нәрсе айта алмаймын. Марқұм Роза Барманованың бұл іске қатысы бар ма, жоқ па деген сауалға жауап құқық қорғау органдарының тергеу нәтижесінде анықталады. Менің білетінім, Роза Барманова былтыр тамыз немесе қыркүйек айында басқа бір заң бұзушылық, атап айтқанда мектеп гаждеттеріне байланысты іс қозғалып, жұмысында кемшіліктер болып, ол кісіге айыппұл салынды. Кейін ол кісі қызметінен алынған болатын», - деді Бейбіт Исабаев брифингте.

Еске салайық, кеше Талдықорғанда өзен жағасынан қалалық білім басқармасының бұрынғы басшысы Роза Барманованың мәйіті табылды. Ол қалалық білім саласын 2016-2022 жылдары басқарған. Одан кейін басқарма басшысы қызметін Жандос Жолдыханов атқарды. 2023 жылдың 27 сәуірінде ол 280 млн теңге пара алды деген күдікпен ұсталды.

Бұдан бұрын Жетісу облысының әкімі “бухгалтерлер ісіне” қатысты мән-жайды айтып берген болатын.