Шетелдік көліктерді заңдастыру 2 аптадан соң аяқталады

Ulysmedia

Екі аптадан кейін шетелдік көліктерді заңдастыру аяқталады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөз

16 маусымдағы жағдай бойынша 161 мың автокөлік заңдастырылған, тағы 13 мыңнан астамы тіркеуді күтіп отыр. Сондай-ақ 22 мамырдан бастап 7 мыңға жуық автокөлік-конструктор қазақстандық есепке қойылды.

“Өздеріңіз білетіндей, заңдастыру аяқталғанға дейін екі апта қалды. Көптеген азаматтар өз көліктерін заңдастыруға үлгермей қалуымыз мүмкін деген алаңдаушылық білдіруде. Осыған байланысты ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін өтінім берген Қазақстанның барлық азаматтарына көрсетілген мерзімнен кейін автокөліктертерді заңдастыру құқығы берілетінін хабарлағым келеді», - деді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев.

Ал Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылмай, тиісінше заңдастырылмаған темір тұлпарлар ел аумағында 5 жыл мерзімге уақытша есепке қойылады.

«Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап заңдастыруға өтінімдерді қабылдау тоқтатылады және заңдастыру мерзімі ұзартылмайтынын ескертеміз. Одан кейін шетелдік есепте тұрған автокөліктерді Қазақстан Республикасының заң талаптарын бұзып пайдалануды жалғастырған азаматтарға тиісті шаралар қабылданады», - деп түйіндеді Әкімшілік полиция комитетінінің төрағасы.