ІІМ қоғамдық орындардан музыканттардың қуылу себебін түсіндірді

Ғалиасқар Думан

Әлеуметтік желілерде полицияның көше музыканттарын қоғамдық орындардан қуып жіберетіні туралы шағымдар көп, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Бұл ретте қазақстандықтарға құқық қорғау органдарының логикасы түсініксіз: музыканттардың нәпақасын табатын орындарда заңсыз саудасын дөңгелетушілер аз емес. Мысал ретінде Астанадағы жаяу жүргіншілер көпірі келтірілген.

Жағдайды ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басшысы Қайсар Сұлтанбаев түсіндірді.

"Менің ойымша, бұл дұрыс емес. Бәлкім олардың үстінен біреу шағымданғандықтан қуып жіберген болуы керек. Мүмкін олар қатты ән айтып, кедергі келтірген шығар. Үлкен кісілер бар. Жұмыстан кейін демалғысы келеді. Шағымдар түскен, сондықтан шаралар қабылданған болар. Мен бұл мәселені қосымша зерттеймін", - деді ол.

Айта кетейік, бұдан бұрын Сұлтанбаев самокаттардың жылдамдығын бақылау мүмкін еместігін айтқан