Ресей билігі "Вагнер" ЖӘК басшысы Евгений Пригожин бастаған бүлікке байланысты ҰҚШҰ әскерін шақыруы мүмкін бе? Бұл сұрақты Ulysmedia.kz тілшісі депутат, саясаттанушы Айдос Сарымға қойып көрді.
«Шақыра ма?» деген сұраққа Айдос Сарым «мүмкін емес» деп жауап берді.
«Бұл Ресейдің өз конфликтісі. Егер ол өз ішіндегі кішкене қосынын баса алмаса, онда үлкен ядролық держава болып, әлемдегі екінші армиямыз деп қалай айта алады? Сондықтан, ол мүмкін емес», - дейді Айдос Сарым.
Саясаттанушы бұдан кейін әртүрлі сценарий болуы мүмкін екенін атап өтеді.
«Менің ойымша, бұл бүлік. Ол қандай да жолмен басылады. Мәселенің қалай ушығатынына, ушықпайтынына байланысты. Меніңше, Ресейдің бұл бүлікті басып-жаншуға толық әлеуеті жетеді», - дейді Айдос Сарым.
Еске сала кетсек, жұма күні Евгений Пригожин "Вагнер" жауынгерлерін атқылады деп Ресей қорғаныс министрлігін айыптаған. Көп өтпей Пригожин (немесе дауысы соған ұқсайтын адам) "елдің әскери басшылығына қарсы" бүлік бастап, "әділдік орнататынын" мәлімдеді. Ол жұртты "қарсылық білдірмей берілуге" шақырды, 25 мың сарбазы барын ескертті.
БАҚ-тың хабарлауынша Мәскеу мен Дондағы Ростовта "Бекініс" жоспары басталған. Ростов көшелерінде әскери техника жүр, кей көшелер жабылған. Ресей ФҚҚ "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясының жетекшісі Евгений Пригожиннің үстінен қылмыстық іс қозғады.
ВВС-дің хабарлауынша Мәскеуде ФСБ басқармасы мен әскерилер дабыл бойынша жұмылдырылған. Мәскеу мен Ростов арасындағы федералдық трассаға блокпосттар қойылған. Ресей астанасындағы мемлекеттік мекемелердің маңына күзет қойылды деген деректер бар. Кей сарапшылар мен БАҚ Ресейде "азамат соғысы басталғанын" жазып жатыр.
БАҚ пен Telegram-арналар Ростова-на-Донудағы әскерилердің мына бір видеосын таратуда. Аймақ губернаторы қала тұрғындарын үйден шықпауды сұрайды. Ал Воронеж облысының билік М-4 Дон жолында әскери техникалар колоннасы келе жатқанын мәлімдеді. Липецк облысының билігі қауіпсіздік күшейтіліп жатқанын жариялады.