Өтінім қабылдау тоқтады: шетелдік көлігін заңдастырып үлгермегендер не істейді

Ғалиасқар Думан

 1 шілдеде шетелдік көліктерді заңдастыруға өтініш қабылдау тоқтатылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбектің дерегінше, 23 қаңтардан бері шетелден әкелінген 196 мың автокөлік заңдастырылған. Сондай-ақ қазақстандық есепке 12 мыңнан астам конструктор-автокөлік қойылды.

«1 шілдеге дейін өтінім берген барлық азаматтарға автокөліктері заңдастыруға қойылатын талаптарға сәйкес келген жағдайда, заңдастыру құқығы беріледі. ЕАЭО елдерінде бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылмаған және осы себепті заңдастырылмаған автокөліктерге келсек, олардың иелері көлікті кері әкетеді. Ал егер басқа елдегі бұрынғы тіркеу орнынан есептен шығарылса, Қазақстанда кейіннен бастапқы тіркеу туралы міндеттеме және 5 жылға Қазақстанда уақытша есепке қою құқығы берілмек», - деп түсіндірді ІІМ өкілі.

Уақытша есепке қою кезінде көлік құралын тіркеу туралы куәлік және ҚР мемлекеттік нөмірлік белгілері беріледі. Тіркеу туралы куәлікте «уақытша есепке алу, иеліктен шығару және Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығу құқығынсыз» деген жазбалар көрсетіледі.

Айта кетейік, бұдан бұрын Астанада қылмыстық топ шетелдік көліктерді заңсыз тіркеу арқылы мемлекетке 1 млрд теңге залал келтіргенін хабарлағанбыз.