Депутат Тұрлыхановтың әскери бөлімнен қашып кеткен ұлы ұсталды

Ғалиасқар Думан

Қонаев гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінен қашып кеткен депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлы ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

«2023 жылғы 3 шілдеде ішкі істер органдарының қызметкерлері және әскери полицияның әскери қызметшілерімен ұйымдастырылған бірлескен жедел-іздестіру іс-шаралары барысында әскери бөлімді өз еркімен тастап кеткен мерзімді қызметтегі қатардағы жауынгер Б.-ның орналасқан жері анықталды. Әскери қызметші қызмет атқаратын орнына жеткізілді», - делінген Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.

Еске салайық, бұдан бұрын заңгер Анна Чернова Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болаттың әскери бөлімнен қашып кеткенін хабарлады.

Қорғаныс министрлігі бұл ақпаратты растап, қатардағы жауынгердің мерзімді әскери борышын өтеп жатқан жері – Қонаев гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінен қашқанын мәлім етті.

Ақпан айында Анна Чернова мен күйеуі Олег Чернов екеуін Нұрасыл Болат соққыға жыққан болатын.

Көп ұзамай оның үстінен ҚР ҚК-нің 293-бабы “Бұзақылық” бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Бұдан бұрын Дәулет Тұрлыханов ұлының бұзақылық ісі жайлы пікір білдірген. Оның сөзінше, жәбірленушілер татуласуға ниет білдірген.

Алайда соққыға жығылған заңгерлер депутаттың сөзін жоққа шығарды.

Сондай-ақ, бұдан бұрын жәбірленушілер шабуыл жасаған кезде Тұрлыхановтың ұлы әскерде болуы керектігін айтқан.

Жуырда Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлының қылмыстық ісіне қатысты пікір білдірді.