Ресейдің Украинаға басып кіруін қолдайтын ресейлік әнші Григорий Лепс Қырғызстан мен Өзбекстанда да өнер көрсетпейтін болды. Бұл туралы Ulysmedia.kz хабарлайды.
Григорий Лепстің 2 тамызда Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында өтуі тиіс концерті қарсаңында жұртшылықтың наразылығына байланысты болмай қалғаны мәлім болды.
6 шілдеде Лепстің 23 қазанда өтуі тиіс Ташкенттегі қойылымы да тоқтатылды. Өзбекстанның Мәдениет және туризм министрлігі «концерт кейбір техникалық себептерге байланысты кейінге қалдырылды» деп жазды.
Еске салайық, маусым айында Қазақстанда Лепстің концерті өтпей қалған болатын. Өткен айда ол Украинадағы соғыста немістің Леопард танктерін жойғаны үшін ақшалай сыйлық тағайындау бастамасын қолдады. Лепс Ресей әскерилері мен бейбіт тұрғындарына атып түсірілген әрбір «Леопард 1» үшін 700 мың рубль және «Леопард 2» үшін 1 миллион рубль төлеуге уәде берген.
3 шілдеде Лепстің әлеуметтік желілерінде бетперде киген адам музыкантқа бүлінген танкі үшін 1 миллион рубль төлегені үшін алғыс білдірген видео пайда болды. Бейнежазбада ер адам өзін «Venom» қоңырау белгісімен ресейлік әскери қызметкермін деп таныстырып, бір бума ақшаны көрсетіп, оны Лепстен Украинадағы ұрыс кезінде жойылған Леопард үшін алғанын айтады.