Астана қаласы әкімдігінің «Спорттың олимпиадалық түрлері бойынша спортты дамыту дирекциясы» КММ-нің лауазымды тұлғалары бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен тергеліп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, ақша жымқыру 2020-2023 жылдар аралығында шетелде де, республика ішінде де оқу-жаттығулар мен жарыстарға бөлінген іс-сапар шығындарын асыра көрсету арқылы жасалған.
Іс жүзінде жұмсалған ақшадан айырма түрінде алынған қаражатты КММ басшылығы алып отырған. Заңсыз әрекеттерден мемлекетке келтірілген шығын көлемі 70 млн теңгені құрады.
Сонымен бірге, КММ басшысы оқу-жаттығу жиындарын қаржыландыру мәселесі бойынша оң шешім қабылдағаны үшін жаттықтырушыдан 4 млн теңге көлемінде пара алғаны анықталды.
ҚММ бастығына қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды.
“Қазір тергеу амалдары жүргізілуде. ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері жария етілуге жатпайды”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұдан бұрын дене шынықтыру және спорт саласын дамытуға бөлінген мемлекет қаржысының ұрлану фактілері бойынша 21 іс тергеліп жатқаны хабарланған.