Бүгін Уимблдонның 10-шы күні. Ширек финал. Жерлесіміз Елена Рыбакина Астана уақыты бойынша сағ.18:30-да Тунис елінің өкілі Онс Жаберге қарсы ойнайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Естеріңізде болар, дәл осы қызды біздің Лена 2022 жылдың Уимблдонында ұтып кеткен еді. Африка-араб континентінің теннисшісі финалдан соң көз жасына ерік беріп: “Лена менің титулымды тартып алды,”- деген еді.
Төртінші раундта екі дүркін Уимблдон чемпионы Петра Квитованы оңай жеңген Онс Жабер матч соңында: “Рыбакинадан кек аламын. Дәл бүгінгідей ойнауым керек жеңуім үшін, өйткені Лена өте жақсы ойнайды. Соққылары бомба сияқты, өте жойқын” деді.
Рыбакина vs Жабер
Екі теннісші өзара 4 матч өткізіп, екеуінде біздің қыз, ал екеуінде Жабер жеңген. Қос ойыншы да дәл қазір жақсы формада. Лена шөп төсенішінде соққыларымен, Онс болса корттағы әралуан техникасымен ерекшеленеді. Теннис сарапшылары қыздардың соңғы айлардағы жетістіктері мен рейтингтегі орындарын ескеріп, қазақстандықтың тағы да жеңіске жетуін топшылауда.
Бүгін Лондонда ауа райы 21 градусты көрсетіп тұр. Күн ашық, жаңбыр жоқ. Демек матч ашық кортта өтеді.
Уимблдон - 2023 турнирінің сыйақы қоры 44 700 000 фунт стерлингті (57 000 000 АҚШ доллары) құрайды.
* Чемпион 2 350 000 фунт стерлинг алады.
* Финалист — 1 175 000 фунт стерлинг
* Жартылай финалға шыққан — 600 000 фунт стерлинг
* Ширек финалға шыққан — 340 000 фунт стерлинг
* 4-ші айналымда жеңілген — 207 000 фунт стерлинг
* 3-ші айналым — 131 000 фунт стерлинг
* 2-ші айналым — 85 000 фунт стерлинг
* Бірінші айналым — 55 000 фунт стерлинг.
Ерик Ильясов, арнайы Ulysmedia.kz үшін Лондоннан