Астана қалалық сотында қырғызстандық музыкант Викрам Рузахуновтың апелляциялық шағымы қаралды, ол 2022 жылғы қаңтардағы қайғылы оқиғалардан кейін ҚР ІІМ-ден ресми кешірім сұрауды талап еткен болатын, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Істі қарау барысында сот ешбір заңда көпшілік алдында кешірім сұрауды талап ету сияқты сот арқылы қорғау әдісін көздейтін бап немесе акті жоқ екенін мәлімдеді.
"Ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді сот арқылы қорғаудың мұндай тәсілі – кешірім сұрауға мәжбүрлеу талабы қарастырылмаған. Ешкім өз пікірлері мен сенімдерін білдіруге немесе олардан бас тартуға мәжбүр бола алмайды. Тиісінше, сот ешкімді қандай да бір нысанда кешірім сұрауға міндеттеуге құқылы емес. Талапкер мәлімдеген басқа талаптар бойынша сот бір мезгілде жеке шешім шығарды", - деп хабарлады сот.
Бірінші сатыдағы шешімнің күшін жоюға негіз жоқ екені атап өтілді.
Еске салсақ, бұдан бұрын Астана қаласының Алматы аудандық соты қырғызстандық музыкант Викрам Рузахуновтың Қазақстан ІІМ атына берген ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау туралы арызын қанағаттандырудан бас тартқан. Қырғызстандықтың адвокаттары ҚР ІІМ-нен Рузахуновтың алматылық полицейлер қысымымен айтылған айғақтарын, яғни Қазақстанға 2022 жылғы қаңтардағы тәртіпсіздіктерге қатысу үшін келгені жөніндегі жауаптарын дұрыс емес деп тануды және музыканттан көпшілік алдында кешірім сұрауды талап еткен еді.
2022 жылдың қаңтар айының басында Қазақстандағы жаппай наразылық кезінде Қырғызтан азаматын қазақстандық қауіпсіздік күштері ұстап алып, аяусыз ұрып, мемлекеттік телеарналар арқылы көрсеткен еді. Қырғызстандықтар оның танымал музыкант Викрам Рузахунов екенін танып қойған. Ол сол тұста Алматыға концертке келген. Бішкек осы оқиға бойынша Астанаға ресми нота жолдады. Резонанс аясында қазақстандық билік музыкантты босатқан. Отанына оралғаннан кейін ол азапталғанын және өзін айыпты ретінде көрсетуге мәжбүр болғанын мәлімдеді.