МАЭК пен Атырау зауытындағы апаттар: KEGOC басшысының орынбасары жазаланды

Ғалиасқар Думан

«KEGOC» АҚ басшысының электр энергиясы нарығына жауапты орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Энергетика министрлігінің мәліметінше, «KEGOC» АҚ электр энергиясының нарығын нақты уақыт режимінде теңгерімдейтін автоматтандырылған тетікті уақытында іске қоспай қойған.

«Энергетика министрлігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша электр энергиясы нарығын реформалауды қолға алып, саладағы нарықтың жаңа моделін енгізуге бағытталған заң нормаларын қабылдады.

Мысалы, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда электр энергиясын Бірыңғай сатып алушы және Электр энергиясын нақты уақыт режимінде теңгерімдейтін нарық тетігі енгізілді», - деп жазылған министрліктің мәліметінде.

Ведомствоның түсіндірмесіне қарағанда, бұл тетік мынандай мәселелерді шешуге бағытталған:

- электр энергиясын сатып алу және сату кезінде алыпсатарлық операцияларды болдырмау;

- өнімсіз делдалдарды қысқарту;

- шекарада мемлекетаралық электр энергиясы сальдосының ауытқуын барынша азайту;

- болашақта ел өңірлері арасындағы электр энергиясына тарифтерді теңестіру

«Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, бағдарламалық кешенді іске қосудың есепті мерзімін бұзғаны және бағдарламаның толық жұмыс істеуін қамтамасыз етпегені үшін ҚР Энергетика министрлігінің басшылығы «KEGOC» АҚ бірінші басшысының жетекшілік ететін орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тартты», - делінген ресми ақпаратта.

Еске салайық, 3 шілде күні МАЭК-те №1 энергетикалық блоктың жұмысы апатты жағдайда тоқтап қалған болатын. Апат салдарынан "Атырау мұнай өңдеу зауытының" жұмысы да тоқтады. Қаланың біраз бөлігі жарықсыз қалды.

МАЭК қызметкерлері сәуір айында кәсіпорында жабдықтардың тозғанын, сондай-ақ жалақының төмендігіне байланысты кадрлар жетіспейтінін айтқан. Ulysmedia тілшісі энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтен неге бұл ескертуді ешкім елемегенін сұрады.

Министр МАЭК-тегі жағдайдың күрделі екенін растады. Онда толық көлемде күрделі жөндеу жүргізілмеген, қаржыландыру жеткіліксіз болған.

Ал үкімет басшысы Әлихан Смайылов Атырау зауытындағы апат салдарынан елде жанармай тапшылығы туындамайтынына сендірді.

Сондай-ақ, бұдан бұрын электр желілеріндегі іркілістер елдегі мұнай кәсіпорындарына қанша шығын келтіргенін жазғанбыз.

13 шілдеде Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында (МАЭК) және Атырау мұнай өңдеу зауытында (АМӨЗ) тексерудің алдын ала қорытындысы жарияланды.