Сарыағаштағы 5 жасар қыздың өлімі: аудандық сот төрағасы қызметінен қуылады

Ғалиасқар Думан

Сарыағашта 5 жасар қызды өлтірген күдіктіге бүған дейін ауыр қылмыс жасағанына қарамастан жеңіл жаза тағайындаған судья қызметінен босатылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

әлеуметтік желіден

Жоғарғы соттың хабарлауынша, биылғы мамыр айында кәмелетке толмаған қызды өлтірген күдіктіге қатысты заңсыз үкім шығару фактісі бойынша қызметтік тексеру жүргізілген.

Нәтижесінде Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының төрағасын қызметінен босату туралы мәселе қозғалды.

Еске салайық, бұдан бұрын Түркістан облысында қаскөй 5 жасар қызды зорлап өлтіргені хабарланған.

Кісі өлтіру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігі (кәмелетке толмаған адамды өлтіру)  бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Күдікті 2006 жылы кісі өлтіргені үшін сотталған. 2023 жылдың мамыр айында жанжалда спирттік ішімдік ішіп отырып, ауылдасын балтамен ұрғаны үшін сотталған.

Президент Тоқаев күдіктіге үкім шығарған судьяны тексеруді тапсырған.