АҚШ-тан Қазақстанға инвестиция ағыны 82%-ға өсті

Ғалиасқар Думан

Елімізге құйылған АҚШ инвестициялары 82%-ға өсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Астанада ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев пен "KAZAKH INVEST "ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Жүсіпов АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі Дэниел Розенблюммен кездесті.

Ардақ Зебешев АҚШ-тың Қазақстан экономикасына ең ірі шетелдік инвесторлардың бірі болып табылатынын, ал олардың жалпы инвестиция көлемі 60 миллиард доллардан асатынын атап өтті. Қазақстан өңдеу және тау-кен өндіру өнеркәсібін, фармацевтика мен АӨК қоса алғанда, экономиканың түрлі салаларындағы жобаларды бірлесіп іске асыруға мүдделі.

Розенблум АҚШ-тың "Үлкен жетілік" мемлекеттері ұсынған "Жаһандық инфрақұрылымға арналған серіктестік" (PGII) бастамасы аясында Транскаспий "орта дәлізі" инфрақұрылымын және басқа да көлік сауда маршруттарын дамытуға деген шешімін растады. Ол сондай-ақ АҚШ сауда миссиясының ағымдағы жылғы маусымдағы сәтті сапары Тараптардың экономикалық қатынастарды одан әрі дамытуға деген өзара тілегін білдіретінін атап өтті.

АҚШ-тан ҚР-ға инвестициялардың жалпы ағыны 1993 жылдан бастап 62,7 миллиард долларға жетті, ал 2022 жылдың қорытындысы бойынша АҚШ-тан инвестициялардың жалпы ағыны 2021 жылмен салыстырғанда 82 пайызға өсіп, 5,1 миллиард доллардан асты. Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда көлемі 2022 жылы 3,05 миллиард долларды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 37,2 пайызға артық. ҚР-дан АҚШ-қа экспорт 1,15 миллиардтан асты, ал АҚШ-тан ҚР-ға импорт 1,89 миллиард долларды құрады.