Қазақстанда ең төменгі жалақыны есептеу тәсілі өзгереді

Ғалиасқар Думан

Мемлекеттік органдар ең төменгі жалақы мөлшерін айқындау әдістемесінің жобасын және Еңбек кодексіне түзетулерді заңнамалық бекіту үшін қажетті әдістемелерді мақұлдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Әдістемеге сәйкес ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшері медианалық жалақы мен еңбек өнімділігіне қарай айқындалатын болады. Қазіргі уақытта ҚР Президентінің Әкімшілігіне Еңбек кодексіне енгізілген түзетулер келісу үшін жіберілді, мақұлданғаннан кейін заңнамаға тиісті өзгерістерді іске асыру басталады.

“Бүгінгі таңда ЕТЖ Халықаралық еңбек ұйымына (бұдан әрі – ХЕҰ) мүше елдердің 90%-дан астамында бар, ол оның мөлшерінің барабарлығын бағалау үшін Кейц индексін (заңмен белгіленген ЕТЖ медианалық жалақыға қатынасы) пайдалануды ұсынады. ХЕҰ ұсыныстарына сәйкес Кейц индексі 50% деңгейінде болуы керек. Бұл ретте әлемнің дамыған елдерінде ол шамамен 55%-ды, ал дамушы елдерде шамамен 67%-ды құрайды”, – делінген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.

Қазақстанда ЕТЖ ең төменгі әлеуметтік стандарттарға жатады және жыл сайын «Республикалық бюджет туралы» заңмен белгіленеді. Ең төменгі жалақы қосымша төлемдер мен жәрдемақыларды, өтемақы мен әлеуметтік төлемдерді, сыйлықақыларды және басқа ынталандырушы төлемдерді қамтымайды.

“2008 жылдан 2018 жылға дейінгі кезеңде ЕТЖ мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінде белгіленді және жыл сайын инфляция деңгейіне индекстелді. 2019 жылы ЕТЖ мөлшерін 1,5 есе – 28 284 теңгеден 42 500 теңгеге дейін арттыру жүргізілді. Биыл ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл ретте жоғарыда көрсетілген ЕТЖ-ны арттыру медианалық жалақының шамасын есепке алмай жүргізілді”, – деп хабарлады ведомсвто.

Айта кетейік, Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ulysmedia тілшісі Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаевтан еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшерінің қаншалықты ақылға қонымды екенін, бұл соманы 1 айға жеткізу мүмкін бе деп сұраған.

Шенеунік бұл сұраққа жауап бере алмады. Қалыптасқан дәстүр бойынша вице-министр баспасөз қызметіне хабарласуды өтінді.