Жыл басынан бері өндірісте 70-ке жуық жұмысшы қаза тапты

Ғалиасқар Думан

Биыл өндірістегі жазатайым оқиғалардан 640 жұмыскер зардап шегіп, оның 69-ы қаза тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, республиканың өнідірістік аймақтарында жарақат алудың ең жоғары деңгейі сақталуда. Мәселен, Қарағанды облысында - 79 адам, ШҚО-да – 53 адам, Абай облысында – 50 адам, Павлодар облысында – 46 адам, Қостанай облысында – 44 адам, Ақтөбе облысында – 40 адам зардап шеккен. Сондай-ақ, Алматы қаласында 50 адам зардап шекті.

Экономиканың салалары бойынша ең көп зардап шеккендер тау-кен металлургия кешенінің өнеркәсіптерінде – 21,8 % және құрылыс саласында – 10,6%.

Жазатайым оқиғалардың орын алуының негізгі себептері: жәбірленушінің өзінің өрескел абайсыздығы (33,3%); өндірістегі жұмыстың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы (27,1%); еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін бұзу (9,3%); жол қозғалысы ережелерін бұзу (8,4%);.

“Соңғы бес жылдың ішінде мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілердің еңбекті қорғау саласы бойынша қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде өндірістік жарақаттану деңгейі 6,5%-ға түсті. Профилактика мен бұзушылықты алдын алу мақсатында еліміздің 3211 кәсіпорны қауіпсіздік пен еңбекті қорғау стандарттарын енгізді”, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін Жаңаөзенде жарықпен жабдықтаушы мекеменің жұмысшысы мерт болғаны хабарланған.