Дәл қазір Алматыда журналист Думан Мұхаметкәрімді қолдаушы белсенділер Қонаев қаласындағы Алматы облыстық прокуратурасының алдында тұр. Олар дәл сол жерде түнеп шыққан. Белсенділер аштық жариялап жатқан қамаудағы журналист Думан Мұхамметкәрімнің талаптарын орындап, оны Талдықорғаннан Алматыдағы тергеу изоляторға ауыстырмайынша ол жерден кетпейтінін айтады.
Ulysmedia.kz тілшісі осы ретте журналистің адвокаты Ғалым Нұрпейісовке бірнеше сұрақ қойды.
– Ғалым мырза, БАҚ-қа берген аштық жариялаған Думан Мұхаметкәрімнің жағдайы нашарлағанын айтқан екенсіз. Қазір журналистің жағдайы қалай? Сөйлестіңіз бе?
– Думан 5 шілдеден бері аштық жариялаған. Мен қазір Талдықорғандамын. Прокурордың бірінші орынбасарымен сөйлескен кезде ол Думанның Алматыға ауыстырылатынын айтқаннан кейін-ақ мен бірден Талдықорғанға шыққанмын. Тергеу изоляторына кірдім. Бірақ ол кезде Думан кездесуге шыға алмады. Әлсіреп қалған екен. Сол жерде істің мән-жайын анықтасам, Думанды Алматыға ауыстыру жөнінде ешқандай әңгіме қозғалмаған екен. Содан кейін мен Рысбек аға мен Думанның әкесіне хабар бердім. Сол себепті қазір адамдар жиналып, наразылық білдіріп жатыр. Мен әзірге Талдықорғандамын. Қысымым көтеріліп кетті.
– Сонда Думан Мұхаметкәрімді не себепті Алматыға ауыстырғысы келмей жатыр?
– Тіке жазсаңыз болады – адвокат пен қоғам облыс прокурорына сеніп қалды. Прокуратура бізге өтірік айтып, адастырып отыр. Неге? Қоғамды тыныш ұстағысы келеді. Бірақ өтірікпен ешқашан тұрақтылыққа жету мүмкін емес. Облыс прокуратурасы Алматыға Думанды ауыстырамыз деп, уәде бергенімен, қатты алдап, азаматтарды тыныштандырғысы келеді. Ешкім бұлай жұмыс істемейді.
– Ал тергеу барысы туралы не айта аласыз?
– Ештеңе айта алмаймын. Ешқандай тергеу амалдары жүргізіліп жатқан жоқ.
– Жай ғана ұстап отыр ма? Айып тағылғаны жазылып еді...
– Қылмыстық кодекстің 405 және 258 бабы бойынша айып тағылған. Бірақ Думанға қатысты ешқандай тергеу амалдары жүргізіліп жатқан жоқ.
– Думанның өзі не дейді?
– Ол кінәсіз. Өзін толық ақтауды талап етеді.
Еске салайық, Думан Мұхаметкәрім 20 наурызда Facebook желісінде жазба жариялап, 21 наурыз күні түстен кейін алаңға шығатынын мәлімдеп, өзгелерді де оған қосылуға шақырғаны үшін қамауға алынды. Қамауда отырғанда журналист аштық жариялады.
15 сәуірде ол қамаудан босатылып, халықты тағы да митингке шақыратынын мәлімдеді.
2 мамырда тағы 25 тәулікке қамауға алынды.
Бұдан бұрын адвокат Ғалым Нұрпейісов Әблязовпен сұхбаты үшін журналист жауапқа тартылуы мүмкін екенін айтқан.
26 мамырда босап шыққан Думан Мұхаметкәрім 28 мамырда қайта қамауға алынды.
2 маусымда журналистің тергеу изоляторында тағы да аштық жариялағаны белгілі болды.
Көп ұзамай оның әкесі әкесі Алмаз Тілепов те ас-судан бас тартатынын мәлімдеді. Іле аудандық прокуратурасына барған Думан Мұхаметкәрімнің ата-анасы ұлдарының заңсыз ұсталып отырғанын, денсаулығы нашарлағанын айтып, оны босатуды талап етті.
Жуырда Думан Мұхаметкәрімнен "Террористiк немесе экстремистiк әрекетті қаржыландыру және терроризмге не экстремизмге өзге де дем берушілік" (Қылмыстық кодекстің 258-бабы) бабы бойынша қылмыстық істе куәгер ретінде жауап алынып жатқаны хабарланған. Оның үйінде тінту жүргізілді. Бірнеше күн бұрын журналистің жағдайы күрт нашарлағаны хабарланған еді.
Журналист Думан Мұхаметкәрімнің Ulysmedia.kz порталына берген сұхбатын мына сілтемеден көруге болады.