МАЭК-тегі апат: «KEGOC»-тың басшысы ауысты

Ғалиасқар Думан

Нәби Айтжанов «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы болып тағайындалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Нәби Еркінұлы 1980 жылы Ақмола облысында туған. Екі жоғары білімі бар. Еңбек жолын 2002 жылы «Көкшетау Энерго» ЖШС болжау-талдау орталығында маман-жетекші инженер қызметінен бастаған.

Әр жылдары ол «Қазақстан коммуналдық жүйелері» АҚ Корпоративтік даму басқармасының басшысы, «Энергопоток» ЖШС директоры, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС бас директоры және «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС бас директоры болды

Бұған дейін Нәби Айтжанов «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС бас директоры қызметін атқарды.

Айта кетсек, 2021 жылдың 25 қарашасынан бастап "KEGOC" клмпаниясын Қуаныш Молдабаев басқарды.

Еске салайық, 3 шілде күні МАЭК-те №1 энергетикалық блоктың жұмысы апатты жағдайда тоқтап қалған болатын. Апат салдарынан "Атырау мұнай өңдеу зауытының" жұмысы да тоқтады. Қаланың біраз бөлігі жарықсыз қалды.

МАЭК қызметкерлері сәуір айында кәсіпорында жабдықтардың тозғанын, сондай-ақ жалақының төмендігіне байланысты кадрлар жетіспейтінін айтқан. Ulysmedia тілшісі энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтен неге бұл ескертуді ешкім елемегенін сұрады.

Министр МАЭК-тегі жағдайдың күрделі екенін растады. Онда толық көлемде күрделі жөндеу жүргізілмеген, қаржыландыру жеткіліксіз болған.

Ал үкімет басшысы Әлихан Смайылов Атырау зауытындағы апат салдарынан елде жанармай тапшылығы туындамайтынына сендірді.

13 шілдеде Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында (МАЭК) және Атырау мұнай өңдеу зауытында (АМӨЗ) тексерудің алдын ала қорытындысы жарияланды.

Дәл сол күні “ҚазМұнайгаз” басшысы мен Энергетика вице-министріне сөгіс жарияланды.

Сондай-ақ «МАЭК» ЖШС, АМӨЗ, «KEGOC» АҚ басшылары мен лауазымды тұлғаларына қатысты әкімшілік сипаттағы шаралар қолданылатыны хабарланған болатын.