"20 секунд күтуі керек еді": ТЖД Алматыдағы өрт кезінде терезеден секірген әйел жайлы

Ғалиасқар Думан

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті  "Ақкент" тұрғын үй кешеніндегі өрт кезінде әйелдің қаза болуының мән-жайын айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

видеодан кадрлар

ТЖД бастығының міндетін атқарушы Ерлан Әлібеков әйелдің терезеден секіргенін мәлім етті.

"Біздің бөлімшелер жетіп қалған, егер олар 20 секунд күтсе, біздің қызметкерлер екі қызды құтқаратыны анық еді.  Құтқарушылар есікті бұзып кіріп, анасын құтқару қалпақтарымен шығарып жатқан кезде, олар терезеден секіріп кетті", - деді ол.

Әлібековтың айтуынша, терезеден секірген адамдар асығыстық жасаған.

"Сабырлы болу керек еді", - деді департамент басшысы.

Еске сала кетейік, 1 тамыз күні Алматыда 16 қабатты үй өртенді. Тұрғындар өмірлерін арашалау үшін терезеден секіруге мәжбүр болды.

Алғашында 31 адам, оның ішінде 16 бала ауруханаға жеткізілгені хабарланды.

Кейіннен оқиға салдарынан 1 адам мерт болып, 43-і зардап шеккені мәлім болды. Оның ішінде 4 бала жансақтау бөлімінде жатыр.

Бұдан бұрын  өртенген тұрғын үй кешенін салған компания жайлы деректерді жариялағанбыз.