Еуропалық Одақ 2022 жылғы әлемдегі адам құқықтары мен демократияның жай-күйі туралы баяндама жариялады. Құжаттың бір бөлімі Қазақстанға арналған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЕО баяндамасында Қазақстан 2022 жылғы қаңтардағы қайғылы оқиғалардан кейін әлі қалпына келіп жатқаны айтылған.
"Бір жыл өтсе де 2022 жылғы қаңтардағы оқиғаларды тергеудің аяқталар белгісі көрінбеді. Қайғылы оқиғалар кезінде барлығы 324 азаптау оқиғасы тіркелді", - делінген құжатта.
Еуроодақ Қазақстанды 2022 жылғы қаңтардағы оқиғалардан кейін азаптау туралы барлық мәлімдемелерге жедел, мұқият, бейтарап және тәуелсіз тергеу жүргізу және барлық кінәлілерді жауапқа тарту үшін одан әрі қадамдар жасауға шақырды.
2022 жыл ішінде ЕО және оның мүше мемлекеттері, ал кейбір жағдайларда пікірлес елдер Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне адам құқықтарына қатысты мәселелер бойынша бірнеше демарш ұсынғаны хабарланды.
"БҰҰ Бас Ассамблеясының адам құқықтары жөніндегі кеңесі мен үшінші комитетінің (әлеуметтік және гуманитарлық мәселелер және мәдениет мәселелері жөніндегі комитеті) қызметіне байланысты жарияланған бұл демарштар, мысалы, Ресейдегі, Беларуссиядағы, Қытайдағы/Шыңжаңдағы адам құқықтарының жағдайына және Ресей Федерациясының Украинаға әскери басып кіруіне қатысты болды", – деп хабарлады Еуропалық Одақ.
Мәселен, 2022 жылғы наурызда Қазақстан Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясын айыптайтын БҰҰ Бас Ассамблеясының қарары бойынша дауыс беруден қалыс қалды. 2022 жылдың сәуірінде ҚР РФ-ны БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінен шығаруға қарсы дауыс берді. Ал 12 қазанда Қазақстан Ресейдің Украина аумақтарын заңсыз аннексиялауын айыптайтын БҰҰ қарары бойынша дауыс беруден бас тартты. 2022 жылғы 15 желтоқсанда ҚР БҰҰ-ның Ресей Федерациясынан әскери агрессияны тоқтатуды және барлық әскери күштерін Украина аумағынан шығаруды талап ететін қарарына қарсы дауыс берді.
Демарш – бір мемлекеттің үкіметінің немесе дипломатиялық органдарының екінші мемлекеттің үкіметіне дипломатиялық мәлімдемесі. Демарш өтінішті, наразылықты, ескертуді қамтуы мүмкін және жазбаша немесе ауызша түрде білдірілуі мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың басында Қазақстанда Жаңаөзенде газ бағасының көтерілуіне қарсы басталған ереуілден кейін елдің барлық өңірінде жаппай тәртіпсіздіктер болды. Оларды басу үшін президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ елдерінің қарулы күштерін шақырды. Қазақстан билігі қаңтар оқиғасына "террористерді" айыптады. Қаралы қаңтарда 238 адам құрбан болды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, қаңтар оқиғасы кезінде Семейде жас жігітті азаптап өлтірген полицейге үкім шықты.
Сондай-ақ, Қаңтарда ҚазҰУ ректорының ұлын атып өлтірген әскери қызметкер сотталды.
Талдықорғанда қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан Сейітқұловтар отбасының өліміне кінәлі деп айыпталған әскери қызметкерге де жуырда үкім оқылды.