"Мұнайсыз дамыған Маңғыстауды көргім келеді" – Қилыбай өңірдің болашағы жайлы

Мейірман Лес
Ulysmedia

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірдің дамуы мен жастарға артылатын сенім жайында ойын бөлісті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Әкімнің айтуынша, алдағы 5-10 жылда Маңғыстау мұнайға қазіргі деңгейде тәуелді болмай, логистика, туризм және өнеркәсіп салалары дамыған аймаққа айналуға тиіс.

–  Ертелі-кеш бәріміз бұл қызметтен кетеміз, бірақ артыңа қараған кезде бір жақсы із қалдырғанды бәріміз жақсы көреміз, – деді ол.

Ол жастардың елдің болашағында маңызды рөл атқаратынын ерекше атап өтті.

– Жастарға, орта және жоғары білімге көңіл бөліп жатырмыз. Сол жастардың ертең бәсекеге сай, қиыншылыққа төтеп беретін, “Сен тұр, мен атайын” дегенін көргім келеді және көретін де шығармыз. Себебі бізде дарынды жастар өте көп, – деді Қилыбай.

Әкімнің сөзінше, кейбір салаларда үзілістер болғанымен, олардың орнын толтыруға әлі де мүмкіндік бар.

– Қазір мұның бәрін орнына келтіреміз деп ойлаймын, еш нәрсе әлі кеш емес. Әлі де біз жақсы боламыз, әлі де алдыңғы қатарда боламыз, – деді ол.

Нұрдәулет Қилыбай өзінің айналасындағы жастарға сенім артатынын да жеткізді.

– Өзімнің айналамда жүрген жастарға, өмірде тапқан іні-қарындастарға айтатыным: “Біз әлі кімнің кім екенін көрсетеміз” деп айтамын ғой. Біз әлі кімнің кім екенін көрсетеміз, – деді ол.

Әкімнің айтуынша, Маңғыстаудың ел сүйсінетіндей, өзгелер еліктейтіндей өлкеге айналуы – оның басты армандарының бірі.

НҰРДӘУЛЕТ ҚИЛЫБАЙ

Нұрдәулет Қилыбай — Маңғыстау облысының әкімі. 1978 жылы туған, көлік, теміржол және қаржы саласында білім алған, әрі қызмет жолын теміржол секторынан бастаған. Ол әкім болып тағайындалмас бұрын “Өзенмұнайгаз” АҚ бас директоры қызметін атқарған. 

ӘКІМНІҢ СҰХБАТЫ

Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысының әкімі  Нұрдәулет Қилыбай Ulysmedia.kz порталына ауқымды сұхбат берген еді. Ол Маңғыстауды жаңғыртудың жоспарын бөлісіп, әлеуметтік мәселелерді шешу үшін не істеліп жатқанын және неліктен бұл өңірде басты құндылық мұнай емес, адам екенін айтып берген еді.