"Жөндеуге келмейді": Алматыда қаңтарылып тұрған 800 автобустың жайы не болмақ

Ғалиасқар Думан

Алматы мәслихатының кезектен тыс сессиясында қанша автобус "зиратқа" жіберілгені және олардың алдағы уақытта қалай пайдаланылатыны айтылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Алматы қалалық мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев қала депутаттарының сұрақтарына жауап бере отырып, автотұрақта 823 автобус бар екенін мәлімдеді. Олардың көпшілігі Green Bus компаниясына тиесілі және шенеуніктің сөзінше, қалыпқа келтіруге жарамсыз.

Қалғандары жөндеуден кейін Алматы облысы әкімдігінің балансына беріледі немесе қайтадан оңтүстік астананың маршруттарына жіберіледі.

- Бүгінде автотұрақта 823 автобус бар, оның 651-ін бұрын сенімгерлік басқару негізінде Green Bus ЖШС пайдаланған. Барлық автобустар 2010-2013 жылдары шығарылған, бірақ қатты тозуына байланысты оларды қалпына келтіру мүмкін емес. Біз 157 автобусты Алматы облысының балансына бердік және 15 автобус сақтауда тұр, қосалқы бөлшектер сатып алынуда. Биыл осы 15 автобусты жөндеуді жоспарлап отырмыз, - деді ол.

Автобустары жөндеуге келмейтін Green Bus компаниясы олигарх Дінмұхамет Ыдырысовқа тиесілі екенін айта кетейік. Қоғам қайраткері Санжар Боқаев кәсіпкер және Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің "автобус" мәмілесі арқылы 11 миллион доллар қаржыны игергенін, өйткені қала әкімшілігі қоғамдық көлікті қымбаттатылған бағаға сатып алғанын айтқан еді.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде жарияланған жазба оның авторы тұрақта қаңтарылып тұрған автобустардың көпшілігі кем дегенде он жыл жұмыс істей алатынын мәлімдеген.

Өткен айда Алматы облысының әкімдігі Жетіген кентінің аумағында тұрып қалған автобустарға қатысты түсініктеме берді.