Әзербайжан астанасы Бакуде ISSF аясында оқ және стенд атудан 53-ші лицензияға әлем чемпионаты өтіп жатыр. Оған Қазақстан құрамасы да қатысады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бағын сынау үшін сайысқа әлемнің 100 елінен 1500-ден астам спортшы келген. Ол жерде Қазақстан атынан 50 мықты мерген бақ сынауда.
Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің Штаттық командаларын даярлау орталығының спортшы-нұсқаушысы ҚР Қарулы күштерінің қызметшісі Ислам Сәтбаев ерлер арасында "10 м-ден пневматикалық мылтықтан оқ ату" жаттығуының финалында төртінші орынға ие болып, олимпиадаға лицензия алды.
Бұл жаттығуда Париж олимпиадасына барлығы 4 жолдама берілді. Сонымен қатар, Алматыдан келген атқыш Ислам Сәтбаев 632,7 ұпай жинап, Қазақстанның рекордын орнатты.
“2024 жылғы Олимпиада ойындарына арналған бұл лицензия біз үшін күтпеген жағдай болған жоқ. Ислам – еліміздің мықты мерген. Ол өте көп дайындалды. Бұл Олимпиада алдындағы алғашқы лицензия берілетін чемпионат. Оның табандылығы мен сенімділігі осындай нәтиже берді. Сондай-ақ, оның жеке жаттықтырушысы әскери спорт ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Геннадий Романович Насонов”, – деді Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің – Орталық спорт клубы оқ ату және стенд ату командасының бастығы сержант Ольга Важнина.
Оқ пен стенд атудан лицензия берілетін әлем чемпионаты 1 қыркүйекке дейін жалғасады. Жарыс пистолет пен мылтықтан стендтік ату және жылжымалы нысанаға оқ ату бойынша өткізіледі.