Генерал-майор Біләловке үкім шықты

Ғалиасқар Думан

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен полиция генерал-майоры Берік Біләлов 5 жылға сотталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Солтүстік Қазақстан облысында бұрынғы қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының міндетін атқарушы Берік Біләлов ұсталғаны жылдың басында хабарланған еді.

"Екі жыл бұрын ол біреуден қарыз алған. Арызданушының сөзінше, Біләлов алған ақшаны қайтармаған. Объективтілік үшін іс Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке тапсырылды", - деп түсіндірген еді  істі ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.

Бұрынғы жоғары лауазымды полиция қызметкері жазасын орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде өтейтін болады.

Сондай-ақ, сот үкімі бойынша ол 10 жыл бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Еске салайық, бұдан бұрын Антикор Біләловтің 2021 жылы қылмыстық істі тоқтату сылтауымен алдау арқылы 40 млн теңгені иеленгенін мәлім еткен.