Қазақстандық кәсіпорындардың 53%-ы ғана жұмысшыларын жазатайым оқиғалардан сақтандырған

Ғалиасқар Думан

2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстанда 3,2 млн-нан астам жұмыскер өндірістегі жазатайым оқиғалардан сақтандырылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, өндірістегі жазатайым оқиға кезіндегі азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғауды іске асыратын тиісті шарттар кәсіпорындардың 53,1 пайызында жасалған.

“Өңірлердің мемлекеттік еңбек инспекторлары жұмыс берушілерге еңбек заңнамасының талаптарын сақтау қажеттілігі туралы 125 мыңнан астам хабарлама жолдады. Тиісті шарттардың болмауы осы кәсіпорындарды тиісті тексерулер жүргізу үшін профилактикалық бақылау тізімдеріне автоматты түрде қосу үшін негіз болады”, – делінген хабарламада.

Еске салайық, ҚР Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс беруші қызметкерді еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан сақтандыруға міндетті.

Биыл өндірістегі жазатайым оқиғалардан 640 жұмыскер зардап шегіп, оның 69-ы қаза тапты.