Қырғызстанның ауыл шаруашылығы министрлігілінің Ирригация ғылыми-зерттеу институтының директоры Ұлан Чортомбаев қазақстандықтарға жүгінді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оның пікірінше, Қырғызстан су беруді тоқтатқандықтан, Қазақстан шекарашылары қырғыз жүк көліктерін кеден бекеттерінен өткізбей қойған.
Чортомбаев Киров су қоймасындағы судың таусылғанын көрсететін спутниктік суреттерді жариялады.
“Көктемнен бері Киров және Орта-Токой су қоймаларынан үздіксіз су беріп тұрдық. Өзімізде су болмаса да екі ел арасындағы келісім, хаттама, міндеттемелерді толық орындадық. Көріп отырғаныңыздай, бұл Киров су қоймасының көктемде су толған кездегі алғашқы спутниктік суреті. Екінші фото бүгінгі күннің жағдайы. Су жоқ. Су жоқ болса не бере аламыз? Су бар кезде су берілмейді деп ойламаңыздар. Қазір XXI ғасыр. Барлығын спутник арқылы көруге болады. Бұл судың түбінде балықтар бар. Егер суды ағызып жіберсек, балық қырылады. Бір-бірімізге бөгет жасамай, ағайындық қарым-қатынаста жұмысымызды жалғастырайық. Шекараларыңызды жаппаңыз, керісінше көліктердің жиі өтуіне мүмкіндік беріңіз. Ертең тағы да су қажет болады. Ынтымақ бар жерде бірлік бар”, – деп жазды ол.
Бірнеше күннен бері қазақ-қырғыз шекарасында жүк көліктері қаңтарылып тұр. Жүргізушілер жүк көліктерінің Қазақстанға кіргізілмеу себебіне қатысты түрлі нұсқа айтады. Олардың бірі бойынша, бұл Қырғызстанның Қазақстанға суармалы су жеткізуді тоқтатуына байланысты. Екінші нұсқа – қазақстандық шекарашылар есірткі тиелген өзбекстандық жүк көлігін іздеп жатыр деген болжам бар.
Айта кетейік, еліміздің оңтүстік өңірлері іс жүзінде көршілес елдің ресурстарына – Қырғызстаннан бастау алатын Шу және Талас өзендеріне тәуелді. Аймаққа барлық суармалы судың 85%-ы көршіден келеді.
Бұдан бұрын Жамбыл облысында трансшекаралық көздерден суармалы судың жеткіліксіз берілуіне байланысты пияз бен қант қызылшасы алқаптарына қауіп төніп тұрғаны хабарланған.
Жамбылдық фермерлер көршілерді трансшекаралық өзенде су қоймаларын салды деп айыптап, дабыл қақты. Екіжақты кездесу өткенмен тамыз айында су тапшылығы мәселесі шешіле қоймады. Қазақстандық фермерлердің наразылығына жауап ретінде қырғыз тарапы: «Қазақстанға су жеткізуде қиын жағдай туындады, қырғыз билігі өз ауылдары үшін суды үнемдеуге мәжбүр болды. Осыған байланысты Қазақстанға су беруді тоқтату туралы шешім қабылданды», - деп жауап берді.
Экология министрі қырғызстандық шенеуніктердің мәлімдемесіне қатысты түсініктеме берді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, су тапшылығына байланысты Жамбыл облысының 6 ауданында төтенше жағдай режимі енгізілді.