МАЭК-тегі апат: Ноғаевқа өңірдегі энергетикалық түйткілдерді шешу тапсырылды

Ғалиасқар Думан

Президентке Маңғыстау облысының биылғы 7 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және алдағы жоспарлары баяндалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мемлекет басшысына есепті кезең ішінде өңірде жалпы сомасы 5,3 миллиард теңге болатын 6 инвестициялық жоба іске қосылғанын айтты. Жалпы, қаңтар-шілде айларында өңірдің негізгі капиталына бағытталған инвестиция көлемі 523 миллиард теңгені құрады.

Сонымен қатар президентке ауызсу тапшылығын шешуге қатысты тапсырмасының орындалу барысы туралы мәлімет берілді. Бұл мәселені кезең-кезеңімен шешу үшін облыста 2025 жылға дейін 6 жоба жүзеге асырылады. Нәтижесінде тұшытылған судың көлемін 146 мың текше метрге дейін арттыруға мүмкіндік туады.

Сондай-ақ Ақтау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жетілдіру және инженерлік инфрақұрылымын қалыпқа келтіру, Маңғыстау атом энергетикалық комбинатына (МАЭК) күрделі жөндеу жүргізу мәселелері жөнінде баяндалды.

“МАЭК-ке жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін биыл 9,4 миллиард теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде 6,8 миллиард теңге МАЭК-тің инвестициялық бағдарламалары аясында, ал 2,6 миллиард теңге Маңғыстау облысы әкімдігінің резервінен бөлінді. Бұған қоса, президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет резервінен қажетті қондырғыларды сатып алу үшін 4,9 миллиард теңге қаржы қарастырылды”, – делінген Ақорда хабарламасында.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы облыс әкіміне Маңғыстау өңірі энергетикалық жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары аясындағы міндеттерді іске асыруды тапсырды.

Еске салайық, 12 тамызда МАЭК-те кезекті апат болды. Салдарынан үшінші энергоблок өшіп қалды. Маңғыстау облысындағы бірнеше ауылдың тұрғындары жарықсыз қалды. Кейінірек өңір тұрғындарына жарық шектеумен берілетіні хабарланды.

Одан бұрын,  3 шілдеде МАЭК-те №1 энергетикалық блоктың жұмысы апатты жағдайда тоқтап қалған болатын. Апат салдарынан "Атырау мұнай өңдеу зауытының" жұмысы да тоқтады. 

МАЭК қызметкерлері сәуір айында кәсіпорында жабдықтардың тозғанын, сондай-ақ жалақының төмендігіне байланысты кадрлар жетіспейтінін айтқан. Ulysmedia тілшісі энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтен неге бұл ескертуді ешкім елемегенін сұрады.

Министр МАЭК-тегі жағдайдың күрделі екенін растады. Онда толық көлемде күрделі жөндеу жүргізілмеген, қаржыландыру жеткіліксіз болған.

Ал үкімет басшысы Әлихан Смайылов Атырау зауытындағы апат салдарынан елде жанармай тапшылығы туындамайтынына сендірді.

13 шілдеде Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында (МАЭК) және Атырау мұнай өңдеу зауытында (АМӨЗ) тексерудің алдын ала қорытындысы жарияланды.

Дәл сол күні “ҚазМұнайгаз” басшысы мен Энергетика вице-министріне сөгіс жарияланды.