Ғалымжан Жақиянов: Қылмыстық істі ойдан шығаратындар жауапқа тартылатынын білуі керек

Ғалиасқар Думан

Саясаткер, 2001 жылы «Қазақстан демократиялық таңдауы» қозғалысын құрушылардың бірі Ғалымжан Жақиянов әлеуметтік желіде өзіне қатысты қылмыстық істің қайта қозғалуына байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Жақиянов бұл істердің бәрі өзі Құсмұрын колониясында отырған кезінде ашылғанын жазады.

«Сондағы Назарбаевтың тапсырмасымен колонияға келген шабармандар, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК, немесе КНБ) басшылары өздерінің мақсаттарын жасырмады. Олар мені саясаттан және Қазақстандағы демократия үшін күрестен бас тартуға, жазбаша және видео арқылы президенттен кешірім сұрауға мәжбүрлегісі келді. Талаптарын орындамаған жағдайда үстімнен жаңа қылмыстық істер ашып, мені түрмеге мәңгілікке қамаймыз деп қысым жасады. Маған қарсы көптеген “дәлел материалдар” бар деп қорқытпақшы боп, әкелген жәшіктеріне қарай сілтегендері есімде», - дейді ол.

Ғалымжан Жақиянов бұл бопсалауға көнбей, Ұлттық қауіпсіздік комитетімен «қызметтесуден» үзілді-кесілді бас тартқан соң қылмыстық істер қозғалған. Өзінің жазуынша, ұзын саны 10-ға жуық екенін, нақты қанша екенін тергеушілердің өздері де білмейтінін атап өтеді. Тегі, айыптаулардың заңдылық сапасы өте төмен болғандықтан, бұлар істердің санын көбейткен тәрізді деп тұспалдайды.

«Алайда бірнеше тергеу әрекеттерінен кейін қылмыстық қудалау нәтиже бермейтініне және де мені саяси өкіндіруден ештеңе шықпайтынына ҰҚК ғана емес, ел басшылығының да көзі жетті. Амал қалмаған соң, билік мені түрмеден шығаруға мәжбүр болды. Осылайша, 2006 жылы сот шешімімен мен шартты түрде мерзімінен бұрын (УДО-мен) босатылдым.Содан бері қозғалған қылмыстық істердің материалдары саяси қудалау «конторасында» жатты. Шамасы, «X сағаты» жеткенде мені ноқталау үшін билік сол істердің қажеті болар деп сақтаған сияқты. Маған қарсы қозғалған істер ұмытылып кеткендей болды», - дейді ол.

Ғалымжан Жақиянов бәрін ұмытпағанын айтады. 20 жыл бойы өзі, адвокаттары тиісті мемлекеттік органдарға арыздар мен талаптарды жазып келген. Әр жолы ҰҚК мен “құқық қорғау” органдарынан түрлі сылтауратқан мәнсіз жауаптар келіп тұрған. Енді міне, «қылмыс құрамы жоқ» деген тұжырыммен барлық істер ресми түрде жабылған.

«Бірақ мен ол істердің жабылуымен ғана әділет толық орнады деп есептемеймін. Сол заңсыз әрекетке қатысы болған лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту жайында заңгерлермен кеңесіп отырмын. Мен оны кек алу мақсатымен жасап отырған жоқпын. Шын мәнісінде, маған және басқа да саяси қуғынға ұшыраған адамдарға қарсы ашылған осындай жалған істер биліктің ең басында ұйымдасқан қылмыстық топ қалыптасқанын көрсетеді. Сондықтан, ең маңыздысы, осының барлығы өзгелерге сабақ болуы тиіс. Бұдан былай қылмыстық істі ойдан шығаратындар, әсіресе, мұндайды жасауға бұйрық беретіндер ерте ме, кеш пе жауапқа тартылатынын білуі керек. Қазақстанда ешкім биліктен басқаша ойлағаны үшін және бейбіт саяси күресі үшін қудаланбауы керек», - дейді ол.

Естеріңізге сала кетейік, жақында Павлодар прокуратурасы Жақияновтың үстінен қозғалған істің тоқтатылғанын хабарлаған еді.