Түркістандық оқушылар құрылысы бітпеген мектепте оқуға мәжбүр

Ғалиасқар Думан

Әлеуметтік желіде Түркістан облысындағы жөндеу жұмыстары бітпеген мектепте оқушылардың сабақ өтіп жатқаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

көрнекі фото, ашық дереккөзден

Әңгіме Сарыағаш ауданында орналасқан И.Панфилов атындағы мектеп жайлы болып отыр. Әлеуметтік желіде тараған видеодан мекеме ішінде құрылыс заттары шашылып жатқанын, ал құрылысшылар жұмыс істеп жүргенін көруге болады. Дегенмен, бүгін аталған мектепке оқушылар сабаққа барған.

Түркістан облысы білім басқармасының мәліметінше, жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес 15 қыркүйекке дейін толығымен аяқталады. Ал мекеме ішіндегі жұмыстар балалардың білім алуына кедергі келтірмейді. Сыртқы жұмыстар жүргізіліп жатқан жерлер қауіпсіздік мақсатында қоршалмақ. Кестеден кешіккен мердігердің құжаттары тиісті органдарға беріліп, айыппұл да салынған.

«2-3 қыркүйектегі демалыс күндері мердігерлер мектеп ішін әрлеу, сырлау жұмыстарын жүргізді. 1 қыркүйек күні мектепте дәстүрлі түрде қоңырау соғылып, оқушылармен тәрбие сағаттары өткізілді. Сонымен қатар білім ордасында бүгіннен бастап дәстүрлі түрде сабақ өтуде. Ішкі жұмыстар толығымен аяқталды. Қазіргі таңда, балалардың оқу процесіне кедергі келтірмейтін жұмыстар жүргізіліп жатыр», - делінген әкімдік хабарламасында.