Бүгін мәжілісте күзгі саяси науқанның алғашқы отырыстарының бірі өткізіліп жатыр. Отырысқа дейін Ulysmedia.kz тілшісі депутат Айдос Сарымға «Үкіметтің қазіргі құрамына көңіліңіз тола ма?» деп сұрақ қойып үлгерді.
«Бізде кадр тапшылығы жоқ. Сол орындарға лайықты дейтін адамдардың тізімін маған беріңізші. Сосын ақылдасайық. «Запаснойлардың» тізімі бойынша биліктен артық ешкімде ондай «скамейка» жоқ. Қазір өзін оппозициямын деп жүрген адамдар 20 адам түгілі бес адам ұсына алмайды», - дейді Айдос Сарым.
Депутаттан «Яғни лайықты адамдар жоқ деп ойлайсыз ба?» деп сұралды.
«Лайықты адамдар бар. Олар министрлікте, әкімдіктерде істеп жүр», - дейді ол.
«Демек, осы жолғы үкімет құрамына көңіліңіз толып тұр деп айтуға болар?» деген сұраққа Айдос Сарым «көңіл толмасын, толмасын, үкімет біздің серіктесіміз» деді.
«Біз де олар үшін басымызбен жауап береміз. Егер қолынан іс келмей жатса, жанын шығарып тұрып, сұрау саламыз», - дейді ол.
Айдос Сарымның өзі екі шақырылымнан бері депутат. Осы аралықта үкіметпен біршама уақыт жұмыс істеп үлгерген. "Үкімет жұмысына қалай баға бересіз?” деген сұраққа депутат өз басы «бір ғана нәрсені қабылдай алмайтынын» айтады.
«Бізде мәжілістің өзінде көптеген сын айтылады. Ол - орынды сын, бәріне қосылуға болады. Бірақ «ел қырылып, бәрі жаман болып жатыр» деп, ойбайлайтын да жағдай жоқ. Кейбір бағыттар бойынша бізде жақсы көрсеткіштер бар. Орта және бизнес саны немесе басқа да көрсеткіштер жоқ емес - бар. Үкіметтің соңғы жылдардағы басты проблемасы – халықпен шынайы тілде сөйлесу, халыққа шындықты айту деген мәселе бар. Сосын өз жұмысын ұғынықты қылу. Меніңше, осы екі проблеманы ұштастырып, жақсы жұмыс істейтін болса, онда халық та түсінеді», - дейді депутат.
Еске салайық, Тоқаевтың жарлығымен Қазақстанда 5 жаңа министрлік құрылды.