"Проблемалар барын мойындауымыз керек": Әшімбаев Күдебаевтың түрмедегі суреті жайлы

Ғалиасқар Думан

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев сотталған экс-генерал Серік Күдебаевтың түрмедегі суретінің желіде тарауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

БАҚ өкілдері Әшімбаевтан Алматы облыстық полиция департаментінің бұрынғы бастығы, қаңтар оқиғаларынан кейін істі болып, жазадан жалтару үшін елден қашқан Серік Күдебаевтың Өскемен түрмесіндегі суретіне қатысты сұрақ қойды.

"Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті бар және бұл комитет құқық қорғау органдарымен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр. Аталған комитет құрамындағы депутаттар Үкімет мүшелерін шақырып, бұл мәселеге қатысты талдау жасаймыз. Қылмыстық-атқару жүйесінде проблемалардың бар екенін мойындауымыз керек", - деді сенат спикері.

Еске салайық, жуырда желіде Серік Күдебаевтың түрмеде әлдебір мерекелік дастархан басында отырған суреті пайда болып, халық арасында қызу талқыға түскен.

Көп ұзамай ҚР Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті желі қолданушыларының көкейінде көп сұрақ тудырған суретке қатысты түсініктеме берген.

Сәуір айының соңында генерал Серік Күдебаев «ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтегі әрекетсіздік» үшін кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Тергеу мәліметтері бойынша, ол Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы облысының коменданты бола тұра жұмыс орнын тастап кеткен.

Күдебаев 23-24 наурызда Қазақстаннан қашып кеткен. Ол Қырғызстан шекарасын заңсыз кесіп өтіп, одан әрі Түркияға жол тартқан. Сол тұста Күдебаевқа іздеу жарияланды. Сәуір айының соңында оның ұсталғаны белгілі болды.

Бұған дейін Қырғызстанда Күдебаевтың қашу фактісімен қозғалған қылмыстық іс бойынша бес айыпталушы сотталған болатын.