Қазақстанда асырап алған баласын жетімдер үйіне қайтаратындар көбейген

Ғалиасқар Думан

Бұл мәселені депуттық сауалында сенатор Амангелді Төлемісов көтерді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

opennews.kz

"Елімізде бала асырап алғысы келетіндер санының азаймай отырғанына қарамастан, асырап алынған балаларды балалар үйіне қайтару мәселесі өзекті күйінде қалып отыр: кейінгі бес жылда асырап алынған балаларды балалар үйіне қайтару жағдайы көбейген. 64% өсті", - деді ол.

Төлемісовтің айтуынша, ата-аналарға заңда жауапкершілік қарастырылғанына қарамастан осындай жағдайлар болып отыр. Атап айтқанда, баладан бас тартқандар 75 АЕК көлемінде материалдық көмекті мемлекетке қайтарады, алимент төлеуге міндеттеледі және екінші рет бала асырап алу мүмкіндігінен айырылады.

Осы орайда ол бала асырап алуға ниет білдірген азаматтармен жұмыс істейтін орталықтар желісін кеңейту, сонымен қатар әлеуметтік қызметкерлердің санын арттыру қажет екенін айтты.

"Сонымен қатар асырап алушылардың асырап алынған баланы қайтаруының құқықтық салдары туралы ақпаратты енгізуді ұсынамыз. Ата-аналарға арналған мамандандырылған мектептер немесе орталықтар желісін кеңейту орынды сияқты. Асырап алынған баланы тастап кеткен тұлғалардың заңды жауапкершілігін, оның ішінде моральдық өтемақы көлемін және басқа да тетіктерді арттыру арқылы күшейту керек", – деді сенатор.

Депутаттың пікірінше, асырап алушылар туралы, олардың оқиғасы туралы хабарландыруларды арттыру да жағдайды жақсартуға көмектеседі. Сондықтан ол eGov.kz порталына тиісті ақпаратты енгізуді ұсынды.